Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Антикор басшысы LRT ісіне қатысты тұлғаларды Интерпол әлі іздеп жатқанын айтты

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтірген болатын. 

Антикор басшысы LRT ісіне қатысты тұлғаларды Интерпол әлі іздеп жатқанын айтты
фото: ашық дереккөз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов  LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданды іздеу шараларына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Paryz.kz

Бұған дейін мәжілісте депутаттар LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен қылмыстың негізгі фигуранттары — қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданның халықаралық іздеуде екеніне күмән келтірген болатын. Депутаттар олардың отбасы мүшелері Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұратынын да айтты. Сондай-ақ тамызда кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында "Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ" деген мәлімет тараған. Алайда ол кезде бұл ақпаратты ешкім ресми түрде жоққа шығармады. Осыған қатысты пікір білдірсеңіз, – деп сұрақ қойылды брифингте. 

Агенттік басшысының айтуынша, күдіктілер әлі де халықаралық іздеуде екен. 

Мен қысқаша жауап берейін. Олар халықаралық іздеуде. Интерполдың бақылауында, сол жерде олар туралы мәліметтер бар. Бізде де Интерполдың мәліметтері бар. Бізде қарым-қатынас, ұстап беру, экстрадиция деген мәселелер әр елмен жоқ. Еуропа Одағы мемлекеттері және Америка Құрама Штаттары бар GRECO ұйымының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы) құрамына кірдік. Ендігі уақытта біз елден сыбайлас жемқорлық жасап шетелге қашқан қылмыскерлерді іздеу, ұстап беріп, оны елге қайтару бағытында ауқымды жұмысты қолға алып жатырмыз. Өйткені, бұл - ұзақ процесс, қылмыскерді шетелден ұстағанның өзінде бір күннің ішінде оны Қазақстанға әкеле алмайсың. Ал сіз айтқан кісілердің Интерполдың іздеу тізімінде бар екенін тағы да айтқым келеді, – деді Марат Ахметжанов. 

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтірген болатын. 

Іздестіріліп жатқан Нұр-Сұлтан (Астана) әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың АҚШ-та тұрып жатқаны белгілі. Қазақстан АҚШ Әділет министрлігіне Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті экстрадициялау туралы өтініш жолдаған. Сауал америкалық тараптың қарауында екен.

Ал "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан Түркияда іздеуде. Елдің құзыретті органдарына оны беру туралы сұрау салынған. 

2019 жылғы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан іздестіру жұмыстарын бастады.

Талғат Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін "Астана LRT" басқарды. Агенттіктің айтуынша, ол ұрлық фактісі анықталғанға дейін елден қашып кеткен. 

Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қылмыстық схеманы әкімнің орынбасары Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Тергеу барысында анықталған шығын көлемі — 5,8 миллиард теңге. Сонымен қатар ондағы Сұлтанбеков пен Арданның үлесін анықтау мүмкін болмаған. Оларға қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске берілді.