Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Атырауда қойманы тексеру барысында "СК-Фармация" өкілінің өтірігі шығып қалды

Емханадағы медицина қызметкерлері маскалар тексерушілер келер алдында ғана таусылып қалғанын айтқан.

Атырауда қойманы тексеру барысында "СК-Фармация" өкілінің өтірігі шығып қалды
Фото: Twitter

Атыраудағы "СК-Фармация" қоймасында COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдары жоқ болып шықты. Мұндай дерек облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған арнайы мониторинг кезінде анықталды, деп хабарлады жергілікті "Ақ Жайық" басылымы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәлімдеуінше, тексеру кезінде компания қоймасында дәрі-дәрмек қоры болмаған.

"СК-Фармация" менеджері дәрі-дәрмектер көрші Ақтөбе облысындағы қоймада сақталатынын айтты. Ал қолда бар қордың бәрі медициналық мекемелерге таратылып қойғанын жеткізген. Алайда, індете тексеру нәтижесінде, №3 емханада медициналық маскалар болмай шықты", – делінген ақпартта.

Ал емханадағы медицина қызметкерлері болса, маскалар тексерушілер келер алдында ғана таусылып қалғанын айтып ақталған.

Сондай-ақ, 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін емхана қоймасында кейбір дәрі-дәрмектер жетіспейтіні де анықталды. Мысалы, "Ксарелто" мен "Дексаметазон" таблеткаларының екі айға жететін 5 мың пакетінің орнына бар болғаны 10 пакет қана сақталған.

Бір қызығы, жақында ғана денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхан Байдуалиев Атырау облысында коронавирустың екінші толқынымен күресуге арналған дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар деп мәлімдеген болатын.