Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ауғанстаннан оралған қандастар ішерге ас таппай отыр

Ал отағасының тұрақты жұмысқа орналасуына "қандас" мәртебесін алу шарты кедергі келтірген.

Ауғанстаннан оралған қандастар ішерге ас таппай отыр
фото: видеодан скриншот

Ауғанстаннан жан сауғалап келген қандастар ішерге ас таппай отыр. Сөздерінше, атамекенге қоныс аударғандарға үш айдан бері "қандас" мәртебесі берілмепті. Соның кесірінен не жұмысқа орналаса алмай, не мемлекеттен берілетін бір реттік көмекке де қол жеткізе алмай отырғандарын айтады деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Қазір ас-судан тарыққан отбасыларға қайырымды жандар көмек беріп жатыр. Оның үстіне суыққа бейімделмеген олар Арқаның аязына шыдамай, ауылдағы бейнеттен қажып, қалаға көшсек дейді. 

Файзулла Ахмади Бурабайдағы Кіндікқарағай ауылына қарт анасы және бес баласымен қыркүйекте қоныстанған. Жергілікті билік отбасын баспанамен, үйге қажетті техникамен қамтамасыз етіпті. Бірақ содан бері ортаға бейімделіп, тұрмысын тіктеп кете алмаған. Әсіресе, қиындық қыс түскенде келді дейді. Ауғанстанның аптап ыстығына үйренген отбасы арқаның аязына шыдай алмай отыр екен. Ауылдықтар көмір жағуды қанша үйреткенімен, үйлерін жылытудың мәнісін таппапты. Сондықтан қандастар қалауы - қалаға көшу.

Бір ыстық үй берсе деген тілегіміз бар. Иранда қалада тұрдық. Ыстық жер еді. Мына анам өткенде жығылып қалды. Қолтығынан сүйеп барамын. Менің де жүрегім ауырады. Тоқтап қалады. Біз айттық қалаға барсақ жақын болар еді. Апам қарға жығылып ауырып қалды, - дейді қандас Файзулла Ахмади.

Оның үстіне отбасы мүшелері ауылдан жұмыс таппай қажыған. Соның кесірінен айлап ақшасыз, ас-сусыз отырдық дейді. Тіпті кей күндері өзек жалғар бір тілім нан таппай, тоңазытқыштары бос қалыпты. Қайта қайырымды жандар көмектесіп, біраз күнге жетер азық-түлік алып беріпті.

Ал отағасының тұрақты жұмысқа орналасуына "қандас" мәртебесін алу шарты кедергі келтірген. Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне берілуі тиіс 204 мың теңге көлеміндегі бір реттік мемлекеттің қаржылай көмек те осы құжаттардың рәсімделмеуінен төленбепті.

Қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Өйткені бұл еңбек заңнамасына байланысты еңбек шартын құру кезінде жеке сәйкестендіру нөмірі жеке құжаттарының нөмірлері болуы керек, - деп түсіндірді Бурабай аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Жанар Айтмағамбетова.

Жұмыспен қамту орталығының директоры қандас мәртебесін беру мәселесі желтоқсан айында шешілуі тиіс екендігін айтады. Ал Файзулла Ахмади отбасын өзге аймаққа көшіру мәселесін облыстан арнайы құрылған қандастарды квотаға енгізу жөніндегі тұрақты комиссия шешетін болады.

Дегенмен мамандар шеттен осылай жансауғалап келген қандастарды тым болмаса 6 айға дейін оңалту орталықтарына орналастырған жөн дейді. Онда тілді үйреніп, психолог, теологтардан кеңес алып, ортаға тез сіңісіп кетуіне де мүмкіндік туар еді деген пікірде.