Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақстанда 2025 жылға қарай 418 индустриялық-инновациялық жобаны іске асыруға және тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн. теңге инвестиция тартылады

Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындардың үлесін 7%-дан 23%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Қазақстанда 2025 жылға қарай 418 индустриялық-инновациялық жобаны іске асыруға және тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн. теңге инвестиция тартылады
Дереккөз: stan.kz

Қазақстанда ел экономикасын дамытып, тұрғындардың өмір сүру сапасын одан ары дамыту мақсатында бірқатар ұлттық жобалар қолға алынатындығы баршаға аян. Осы ретте елдің индустриалдық-инновациялық даму саласы да назардан тыс қалмады. Материалдың бүгінгі санын осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Айта кетерлігі, Ұлттық жоба негізінде «индустриялық-инновациялық даму» бағыты аясында екі негізгі міндет анықталған болатын. Атап айтқанда,  өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту болып отыр.

Жалпы бірінші міндетті шешу мақсатында еліміздегі кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алу және оны қолданысқа енгізу, жабдықтарды монтаждау, іске қосу-жөндеу жұмыстары, сондай-ақ біліктілікті арттыру, технологиялық жабдықтарды сатып алу, несие беру, оның ішінде лизинг келісім-шарттарын жақсартуға жұмсалатын шығындарды өтеуге бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыру көзделеді.

Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындардың үлесін 7%-дан 23%-ға дейін арттыру жоспарлануда. 2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылатын болады және соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,5 есе өспек.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті, елдің өңірлері арасындағы көліктік байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.

«Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» бағыты шеңберінде еліміздегі инфрақұрылымды кешенді дамыту және «Жайлы тұрғын үй» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша 2 мәселені шешу көзделіп отыр.

Инфрақұрылымды кешенді дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру 16 мың км. сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды, 46 топтық су құбырларын, 875 км. нөсерлік кәріз желілері мен арық жүйелерін салу және оларды жаңғыртуды қамтиды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 12 мың шақырым инженерлік желілерді, 10 мың шақырым кентішілік жолдарды және 1,5 мыңнан астам әлеуметтік объектілерді салу, жаңғырту- жөндеу жөніндегі жобалар көзделген. Осы шаралардың нәтижесінде қалалардағы халық ауыз сумен және сарқынды суларды тазарту жүйелерімен толық қамтамасыз етілетін болады. 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғыртылататынын атап өткен жөн.

«Жайлы тұрғын үй» жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн. теңге инвестиция тартылмақ. Осы орайда 185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу шығыстарын субсидиялау, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру және несиелік тұрғын үй салу, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың бірлік тұрғын үй салу, сондай-ақ ауылдық жерлерде 2,9 мың жалға беру үйін салу бойынша жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау көзделген. Жалпы, 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

«Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты негізінде ішкі көлік желісін дамыту және өңірлердің байланысын арттыру көзделеді. Республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жол және 27 мың шақырым жергілікті жол салынады. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға дейін, жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Өңірлердің байланысын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылатын болады. Атап айтқанда, екінші жолдардың құрылысы мен Достық-Мойынты учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы Сарыағаш станциясының өткізу қабілетін 2 есеге арттырмақ. Ал, Түркістан-Шымкент-Ташкент жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысы бүкіл макроөңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүктерді тасымалдау мерзімін екі тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлердегі байланыс жолдарын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру транзит көлемінің 30 млн. тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлер көлемінің 1,6 млн. тоннаға дейін өсуін қамтамасыз етеді», - дейді жауапты министрлік өкілдері.

Ведомство өкілдері бұл жобаларды іске асыру халықтың табысын 27%-ға, ал елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 35%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін алға тартып отыр. Ұлттық жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 32 трлн. теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 5,4 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Елімізде индустрияландыру көрсеткіштері бойынша көш бастап тұрған біршама өңірлер бар. Солардың бірі – Қарағанды облысы. «Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бастап облыста өңдеу өнеркәсібінде 68 жоба жүзеге асырылды. Осылайша, инвестицияның жалпы сомасы 243 млрд теңгені құрап, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Бұл секторда тағы да бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Автомобиль шиналарын, жоғары сапалы әк, арнайы кокс шығаратын зауыттар салынуда. Жалпы, 2025 жылға дейін 2,2 трлн теңгеге 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, олардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпте»,-дейді аймақ басшысы.

Сонымен бірге облыста ЖӨӨ-дегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 36%-дан асқаны белгілі болды. «2015 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібінің көлемі 16,2%-ға, еңбек өнімділігі 20,3%-ға, шикізаттық емес экспорт 32%-ға өсті. 2021 жылдың 10 айында өнім шығару 2,8 трлн теңгені құрады», - дейді жеріглікті әкімдік өкілдері.  

Сонымен бірге Қазақстандағы индустриаландыру бағыты бойынша, елдегі машина жасау саласына да тоқталып өтуді жөн көрдік. Бұл бағытта елімізде машина жасау өндірісі ішкі нарыққа бағытталғанын ескеру қажет. Десе де, индустрияландыру жылдары республика бойынша машина жасау өндірісінің көлемі біршамаға артқан. Сөзіміздің дәлелі ретінде келесі деректерді келтірсе болады. Қазақстанда 2009 жылдан бері экспорт көлемі 3,3 есеге артқан. Осылайша 2009 жылы экспорт көлемі 395,3 млн АҚШ долларды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1 309,4 млрд АҚШ долларын құраған. Сонымен бірге елдегі көлікті өткізу нарығының да кеңейтілгенін тілге тиек ету керек. Қазақстанда жасалған темір тұлпарлар Еуразиялық экономикалық одақпен бірге, отандық өнімдер Әзербайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Бенин, Люксембург, Венгрия сынды таяу және алыс шетелдерге экспортталады. Экспорттың негізгі бөлігін электр жабдықтары, мұнай-газ машина жасау секторы, темір жол техникасы өнімдерін жеткізу құрайды.

Қуаныштысы, Ел Үкіметі бұл бағыттағы бастамаларды жалғастыра бермек. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшінші бесжылдықта бірқатар индикаторларға қол жеткізуді көздеп отыр. Мәселен, 2020-2025 жылдары экспорт көлемі екі есе, еңбек өнімділігі 1,6 есе, негізгі капиталға салынған инвестиция 1,6 есе артады деп күтіліп отыр.