Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Индустриялы-инновациялық жобалар қазақстандықтардың өмірін қалай жақсарта алады?

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, елімізде «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Индустриялы-инновациялық жобалар  қазақстандықтардың өмірін қалай жақсарта алады?
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекет дамуының ұзақ мерзімді ұлттық жобалары іске қосылмақ. Осы орайда, бүгінгі материалда ұлттық жобалардың қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға қалай әсер ететіні туралы толығырақ әңгімелейтін боламыз.

Естеріңізе болса, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, елімізде «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, жарлық аясында Ұлттық жобалар тізіміне алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар кешенді жобалар енгізілді.  

Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулықты сақтау», «Білімді ұлт», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және т.б.

ҚР Президентінің Жарлығындағы тапсырмаларды орындау мақсатында ҚР Үкіметі мақұлдаған Ұлттық жобалар толығымен бес бағытты қамтып отыр. Осы орайда, Ұлттық жобаның ішіндегі ең маңызды саналатын жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және бес бағыттың ішіндегі «индустриялды-инновациялық бағыт» бағытына кеңінен тоқталсақ.

Қазақстандағы QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының өкілі еліміздегі экономикалық белсенділікті кеңейту қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жұмыс жасайтын қызметкерлердің табысын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді деп санайды.

Сонымен қатар, орталық өкілдері алдағы бес жылдықта Қазақстанда индустриялды-инновациялық жобаларды дамыту процесі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын одан ары жақсартуға, сондай-ақ, адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп есептейді.

Мәселен, Ұлттық жоба аясында еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп қызметкерлерінің орташа жалақысының 2020 жылғы деңгейге қарағанда 31,5%-ға дейін өсіру көзделуде. Бұл үрдістің өзі халықтың әл-ауқатын күшейтуге біршама жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Сондай-ақ, аталған жобаның негізінде 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейте алатын 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

Жалпы, сарапшылардың пікірінше «индустриялық-инновациялық даму» бағыты «қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» жобасын алдағы бес жылда алға ілгерілетудің негізгі тетігіне айналмақ. Айта кетерлігі, осы жобаны қаржыландыру көлемі 15,9 трлн. теңгені құрайды, оның ішінде 402 млн. теңге республикалық бюджеттен бөлінеді, ал қалған 15,5 трлн. теңге жеке инвестициялар есебінен тартылады деп жоспарлануда.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылы келесідей нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу көзделуде, соның ішінде: 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін 20%-дан жоғары өсіру, өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту көзделген.  

Ал, 2025 жылға қарай негізгі капиталға 11 трлн. теңгеден астам инвестиция тарту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорт көлемін 24 млрд. долларға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осылайша, елімізде құрылатын жаңа жоғары білікті жұмыс орындарының саны шамамен 100 мыңды құрайтын болады.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалардың қатарында  «Monterra Qasaqstan» ЖШС, «Еврохим-Қаратау» ЖШС, «Мега Смарт» ЖШС, «KamLit KZ» ЖШС бар. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жобаны іске асыру айқындалды.

Сонымен бірге, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы екі бағытты қамтып отыр. Бірінші бағыт – базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, ал екінші бағыт – көлік байланысын қамтамасыз ету.

         Осы орайда, Экономикалық зерттеулер институтының өңірлік зерттеулер орталығының өкілі бірінші бағыт базалық қызметтерге тең қолжетімділікті, ал екінші бағыт көлік байланысын, соның ішінде облыстық, қалалық, аудандық орталықтар арасындағы жолдардың және еліміздегі өңірлердің сыртқы нарықтарға шығуымен өзара байланысын арттыруға оң ықпалын тигізетінін айтуда. «2025 жылға қарай адамдарды ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайызға және қалалардағы ағынды суларды тазартуға толығымен қол жеткізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, тірек және спутниктік ауылдарды жаңғырту мақсатында, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша 12 мың шақырым инженерлік желілерді (электрмен, газбен және жылумен жабдықтау), 1,5 мыңнан астам әлеуметтік нысандарды (мектептер, балабақшалар, фельдшерлік- кушерлік пункттер, мәдениет және спорт объектілері) салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр»,-дейді мамандар.

Осылайша, алғашқы бағыт «индустриялық-инновациялық даму» бойынша екі негізгі міндет айқындалды. Олардың қатарында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеуші өнеркәсіп тауарларының номенклатурасын кеңейту бар.

Осы мақсатта кәсіпорындардың жаңа технологияларын сатып алып, оны енгізу, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және несие беру, оның ішінде лизинг келісім-шарттарын жақсартуға арналған шығындарды өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленетін болады.

Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Жабдықтар мен машиналарға арналған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2025 жылы 1 трлн. теңгеден асады деп көзделіп отыр.

Сонымен қатар, құзырлы ведомство өкілдері екінші бағыт өңіраралық және сыртқы байланыс инфрақұрылымын дамыту бөлігінде, Қазақстанның бес әуежайының жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланып отырғандығын жеткізді. Олар бұл ретте олар аталған шаралардың барлығы транзит көлемін 2025 жылға қарай 23,5-тен 30 млн. тоннаға дейін, контейнерлер көлемін – жылына 876 мыңнан 1,6 млн.-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Бұған қоса, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы 2025 жылға дейін 3,5 мыңнан астам спутниктік ауылдарды жаңғыртуды, 16 мың км. сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды, сондай-ақ жолдарды жөндеуді және салуды көздейді. Қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн. теңгені құраса, оның ішінде 4 трлн. теңге республикалық бюджеттен, 786 млрд. теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді, ал қалған 2,8 трлн. теңге жеке инвестициялар есебінен тартылатын болады.

Бұдан бөлек, Ұлттық жобаны іске асырудың барлық кезеңінде 103 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі (облыс орталықтарында және шағын қалаларда – 125 мың, ауылдық жерлерде – 110 мың) тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетіндігі белгілі болды.

Мамандар аталған ауқымды жобалардан алдағы бес жылдық кезеңде келесі нәтижелерге қол жеткізуге болатынын айтып отыр:

- урбандалу деңгейін 59,1%-дан 62,6%-ға дейін ұлғайту;

- агломерациялар мен облыс орталықтарындағы (сондай-ақ Семей қаласы) халық санын жыл сайын 1,7 пайызға ұлғайту;

- барлық қаржыландыру көздері есебінен 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету;

- қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейін, оның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыта отырып, 79%-дан 87%-ға дейін арттыру.

Жалпы, «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асырудан қазақстандық азаматтар үшін ең елеулі әлеуметтік мәселелерін шешуге қол жеткізіледі, дәлірек айтсақ, жеке тұрғын-үй, көлік, жұмысқа орналасу және т.б. мәселелер өз шешімін табады дейді мамандар.