"Өйткені бізде энергияның бағасы өте төмен. Дүниежүзі бойынша Қазақстан майнингтік фирмалар бойынша екінші орында. Бізде мұндай фирмалар өте көп. Солар бар энергиямызды алып жатыр..."
Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан facebook-парақшасында сұхбатын жариялады. Өзінің айтуынша, астаналық басылымға берген сол сұхбаты жарыққа шықпаған соң, әлеуметтік желіге салған екен. Онда ол еліміздегі көптеген өзекті мәселеге орай пікір білдіре отыра, қоғам тарапынан қатты ұшыраған АЭС салу туралы, сондай-ақ биткоин шығаратын майнинг фирмалар туралы да ой қозғаған екен деп хабарлайды Paryz.kz.
Қоғам қайраткері тілшінің "Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырып АЭС салу. Сіздің ойыңызша Қазақстанға АЭС керек пе?" деген сауалына былай деп жауап береді:
Мұны тағы да біз талқыға салуымыз керек. Неге бұл мәселе талқыланбай жатыр? Елімізде энергетиктер баршылық қой, олар қайда? Олар бұл мәселеге өз ойларын айтпай ма? Әр жерден бір-екі адам ойын айтқанмен пікірталас болмай бұл мәселенің дұрыс жолы табылмайды. Бізге электр қуаты керек пе? Сөзсіз, керек. Ендеше біз оны қай жолмен аламыз? Бүгінгі таңда біз заманауи технологияның көмегімен желден де, күннен де энергия алып жүрміз. Алайда біз ол энергияны сақтай алмаймыз. Сақтау үшін бізге үлкен аккумлиятор қажет. Ал ірі қалаларға ондай үлкен аккумлиятор шығару мүмкін емес. Ал жел күнделікті қайталанатын құбылыс емес. Яғни жел энергиясын да ұзақ сақтай алмаймыз. Сустанцияларынан энергия алуға елімізде су тапшы. Бұл проблеманы біз қалай шешеміз? Бір ғана жолы Атом электрстанцияларын салу ма? Әлде басқа жолын таба аламыз ба? Бұл инженерлер үшін күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Алдағы бірнеше жыл ішінде инженерлердің бұл сұраққа жауап табатынына сенемін. Өз басым АЭС салудан қатты сескенемін. Өйткені атом электр станциясының не екенін Семей полигонынан кейін қазаққа түсіндірудің еш қажеті жоқ. Бүгінгі таңда елімізде энергия шығаратын бір орын болса ол солтүстіктегі көмір станциялары, - дейді ол.
Сондай-ақ Тайжан елімізде көмір стансалары 80 пайызға ескіргенін айтады.
Табиғатқа қатты залалын тигізіп жатыр. Бірақ солтүстікте энергия көп. Ал оңтүстікте энергия тапшы. Солтүстіктен оңтүстікке энергия жіберу үшін бізде 2 жол бар. Кеңес одағы кезінде салынған бір сым жолы қатты ескірген, ал екіншісі жеткіліксіз. Тағы екі сым жолын салу керек. Сонда оңтүстіктегі энергия тапшылығын шеше аламыз. Алайда энергия тасымалдау кезінде жіберген энергиямыздың 50 пайызын жоғалтып аламыз. Бұл - бір. Екіншіден Қазақстанда энергия кімге керек? Биткоин шығаратын майнинг фирмалар өте көп энергия жейді екен. Осындай бір фирма 24 мың пәтердің энергиясын тұтынады. Яғни біз мұны тоқтатуымыз керек. Қазақстандағы майнинг фирмаларының қожайындары кім? Халыққа көрсетсін. Қытайлар емес пе? Себебі Қытайда майнинг деген нәрсеге тыйым салынған екен. Сонда Қазақстанға келіп майнингтік фирма ашқан қытайлар болуы да мүмкін. Өйткені бізде энергияның бағасы өте төмен. Дүниежүзі бойынша Қазақстан майнингтік фирмалар бойынша екінші орында. Бізде мұндай фирмалар өте көп. Солар бар энергиямызды алып жатыр. Ал Еуропа елдері көмірдің энергиясымен шығарылатын металдарды қабылдамайды. Сондықтан мұндай фирмалар өздеріне қажет экологиялық таза энергия көздеріне өздері қаржы бөліп шығаруы керек. Ал таза жолмен алынатын энергия қымбат болады, - дейді Мұхтар Тайжан.