Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Алаяқтарға жем болып жатырмыз": "Халық банктің" тұтынушылары Тоқаевтан көмек сұрады

"Ол телефонға жүктелісімен алаяқтар клиенттің телефонындағы жеке мәліметтері сақталған "Homebank" қосымшасына кіруге мүмкіндік алады..."

"Алаяқтарға жем болып жатырмыз": "Халық банктің" тұтынушылары Тоқаевтан көмек сұрады
фото: ашық дереккөз

Желіде "алаяқтардың құрбаны болып жатырмыз" деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу ретінде жолданған хат пайда болды деп хабарлайды Skifnews.kz. 

Үндеу иелерінің айтуынша, белгісіз біреулер "Халық банктің" атынан хабарласып, сырттай несие алып жатқанға ұқсайды. Яғни біреулер сыртыңыздан несиеге өтініш тастайды. Ол банк тарапынан дереу құпталады. Артынша көп ұзамай ақша жеке шотқа түседі. 

Төменде Президент атына жолданған үндеудің толық нұсқасын беріп отырмыз:

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Біз сізге төмендегі жайды мәлімдегіміз келеді. 
Өзіңіз білесіз... "Халық банк" - еліміздегі ең сенімді һәм алпауыт банктердің бірі саналады. Бұл мекемеге деген мемлекеттің де пейілі алабөтен... әрдайым қолдап, қолпаштап-ақ келеді. 

Қазақстандағы мем-мекемелердің жалақысы, жәрдемақыдан бастап, зейнетақыға дейінгі мемлекеттік төлемдердің дені осы банктің қызметіне жүгінеді. Бұл жайт аталмыш банкке деген сенімді жүрегімізге нықтап бекітіп тастаған. 

Бірақ, сол банк өз клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамассыз ете алмай отыр. Әлдебір белгісіз алаяқтар банктің осал тұсын тауып, банк клиенттерінің атынан несие рәсімдеп, банкті - бір, Қазақстан азаматтарын - екі сан соқтырып кетуде. 
Қазірге дейін заң орындарына оннан аса адам шағымданыпты. Оның бәрінің сыртынан "Халық банк" арқылы несие рәсімделген. Бұл алаяқтардың құрығына ілінген аз ғана адам дерсіз. Елімізде өзінің басына кредит рәсімделгенін білмейтін жүздеген, яки мыңдаған адам жүру мүмкін ғой. 

Сондықтан, Сіздің тарапыңыздан банк алаяқтарының жолын кесуге нақты пәрмен берілуі керек. Олай дейтін себебіміз, сырттай рәсімделген несиенің бәрі Ресейдің "Сбер" банкінің әлдебір клиенттерінің жеке есепшотына аударылып отырған. Біздің заң орындары сол Ресейге асқан ақшаның кімнің қолына тигенін анықтауға қауқарсыз болып отыр. 

Енді басынан бастайық. Алаяқтар алдымен "Халық банктің" клиентіне банк атынан хабарласады. Сөйтеді де, "Сіздің атыңыздан алаяқтар несие рәсімдегелі жатыр. Соның алдын алу үшін телефоныңызға «Team Viewer Quick Support» интернет қосымшасын жүктеуіңізді өтінеміз" дейді. 

Ол телефонға жүктелісімен алаяқтар клиенттің телефонындағы жеке мәліметтері сақталған "Homebank" қосымшасына кіруге мүмкіндік алады. Несиеге өтініш тастайды. Ол банк тарапынан дереу құпталады. Артынша көп ұзамай ақша жеке шотқа түседі. Сол мезетте Ресей асады. Болды, бітті. 

Біз сенген банк осындай жағдайлардың болып жатқанын клиенттеріне хабарлап, олардың қауіпсіздігін қамтамассыз етіп жатыр ма? Ол алаяқтар жеке тұлғаның ЭЦП кілтін қайдан алады? Электронды қолын қалай қойып жатыр? 
Сұрақ көп, әзірге жауап жоқ. 

Осыдан үш күн бұрын бір танысымызға әлгі алаяқтар хабарласты. Сол телефонға артынша қайта хабарласқанымызда әлгі нөмір тіркеуде болмай шықты. Бұл мәселеге кім жауапты? 
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Басқа емес, әйдік "Халық банктің" клиенттері алаяқтарға жем болып отыруы біздегі банк жүйесінің қабырғасының сөгіліп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан, алаяқтардың арбауына түсіп, алданып қалған азаматтарға көмек қолын созып, қылмыстыларды тауып (ресейліктер болса да) қатаң жауапқа тартуға ықпал етуіңізді сұраймыз!
Құрметпен 
Ермек Сырымбай, заң кеңесші
Ерболат Сұлтанбаев, заң кеңесші
Қанат Әбілқайыр, жазушы...