Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

20 млн теңге тігілген "Елбасы кубогында" журналистердің "арты ұялыпты"

"Бұл – көрерменсіз өтетін бәйге. Өздері тазалап алсын! Біз ешкімді шақырған жоқпыз", - деп қабақ шытқан ұйымдастырушылардың бірі.

20 млн теңге тігілген "Елбасы кубогында" журналистердің "арты ұялыпты"
фото: facebook.com

Ұлттық ат спортын насихаттап жүрген журналист Ержан Жаубай Facebook-тегі парақшасында бүгін елордада өткен "Елбасы кубогындағы" бір жайтқа қынжылыс білдірді, деп хабарлады paryz.kz.

"Бүгін, қазір астананың іргесіндегі Қазанат атшабарында биылғы жылдың алғашқы бәйгесі "Елбасы кубогы" өтіп жатыр. Көрерменсіз өтетін бәйгеге БАҚ өкілдерінен басқа ешкім шақырылған жоқ. Алайда, ат десе ішкен асын жерге қояр азаматтар, атын бәйгеге әкелген атбегілер мен ат иелері отырар орынның түрі мынадай. Атбегілер атын бәйгеге жіберген соң, осы көрермен алаңында отырмағанда, қайда барады?!" - деді ол, оқырман назарына шаң қапқан орындықтардың суретін ұсына отырып.

Әрине, оны оқырман назарына ұсынып қана қоймай, оған дейін ұйымдастырушыларға бір ауыз ескертіп те көріпті. "Бұл – көрерменсіз өтетін бәйге. Өздері тазалап алсын! Біз ешкімді шақырған жоқпыз", - деп қабақ шытқан олардың біреуі.

Ал мына жақта Ержан Жаубай отыр, "Бәйгені ұйымдастырушыларға атбегілерді құрметтеуді кім үйретер екен?!" - деп күрсініп. Айтуынша, аламанда – 31, топ бәйгеде 27 жүйрік, 10 жорға, 24 құнан шапқан дүбірлі дода болған. Ал жүлде қоры 20 миллион теңгеден асып жығылыпты.

Көрер көзден адамның "арты ұялатын" жағдайда өткен бәйгеге сонша жүлденің тігілуі – парадокс қой, ә?..