Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Елордадағы "Жағалау" тұрғын үй кешенінің сапасы сын көтермей тұр

"Жауын жауса болды, үйдің подвалын су алып кетеді. Жел шығаратын құрылғы да дұрыс салынбаған, соның кесірінен қыс бойы тоңап шығамыз. Жылу жүйесін айтпай-ақ қоюға болады", - дейді тұрғын.

Елордадағы "Жағалау" тұрғын үй кешенінің сапасы сын көтермей тұр
фото: elorda.info

Елордадағы "Жағалаудың" жыры бүгін-ертең бітетін емес. Жаңа үйдің сапасы үлескерлердің көңілінен шықпай отыр. Электр сымы түгіл, жылу жүйесі де әлі күнге тартылып болмаған. Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Құрылысы аяқталмаған нысан тұрғындары өз үйлеріне тіркеле алмай дал. Соның кесірінен, тіпті, ешқандай әлеуметтік көмек ала алмай отырмыз дейді. "Жағалаудың" жырын жырлап үлескерлер ай сайын жиналады екен. "Сақалды құрылыстың" басынан дау кетпегелі 10 жылға жуықтаған. Тұрғындар қалай шуласа да "баяғы жартас – сол жартас".

"Жауын жауса болды, үйдің подвалын су алып кетеді. Жел шығаратын құрылғы да дұрыс салынбаған, соның кесірінен қыс бойы тоңап шығамыз. Жылу жүйесін айтпай-ақ қоюға болады. Қыс бойы жылыту аппаратымен отырамыз. Бұлай шырылдап жүргенімізге қаншама уақыт өтті. Нәтиже жоқ", - дейді тұрғын Майра Ахметова.

Тұрғын үй ресми қабылданбағанымен, кейбір ағайын мұнда кіріп алған. Жергілікті биліктің сондай рұқсаты бар. Бірақ, олар өз пәтеріне заңды тіркеуге тұра алмайды. Себебі, ресми тіркеуі жоқ. Бұл аксиома тұрғындарды тығырыққа тіреді. Елдің әлеуметтік көмек түгіл, медициналық қызметке қолы жетпей отыр.

"Мен екінші топтағы мүгедекпін. 2013 жылы үй алдым. Содан бері әлі күнге өз үйіме иелік ете алмай жүрмін. Амал жоқ, туысымның үйіне тіркелдім. Әйтпесе, дәрігерге де қарала алмай, жағдайым тым нашарлай түсетіні анық. Әрең шыдап жүрміз", - дейді келесі тұрғын Орынбасар Жүсіпова.

Олардың айтуынша, әкімдік бұл мақсатқа 170 миллион теңге бөліп, сметалық құжат әзірлеген. Бұл қаражат жөндеу жұмыстарына да жетеді деген. Алайда, көпшіліктің қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені, бөлінген қаражат 3 есеге қысқарып қалыпты. Мұның ақ-қарасын ажыратып бермек болып, әкімдік елді жиналысқа шақырған. Бірақ, оған өздері келмей қалыпты.

"Бұл құрылысқа "ASI" компаниясы жауапты. Әкімдік тарапынан серіктестікке нысанды аяқтау туралы бірнеше нұсқаулар жолданды. Тұрғындардың мердігер компанияға арыздануларына болады. Әзірге ешқандай қаржыландыру мәселесі қарастырылмады", - деді Нұр-Сұлтан қаласы орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бердалин.

Осылайша, басқарма 170 млн теңгеге қатысты тұрғындардың айтқанын теріске шығарып отыр. Алайда, бүгінгі жиынның алдағы күндері өтетінін айтты. Бірақ, "Жағалаудың" жыры нақты қашан шешілетіні әзірге беймәлім.