Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Жәбірленушілердің экс-полицейге тағайындалған жазаға көңілі толмайды

Марқұмның туыстары Азат Азаматовқа сот тым жеңіл жаза кесті деп есептейді.

Жәбірленушілердің экс-полицейге тағайындалған жазаға көңілі толмайды
Фото: Әсет Құндақбаев

Алматы қаласы маңындағы блок-бекетте болған, екі полицейдің өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылған Азат Азаматовқа қатысты Қарасай аудандық соты тағайындаған жазаға жәбірленуші тараптың көңілі толмайды. Айтуынша, заңның осалдығынан қаншама жастарымыз қыршын кетіп жатыр, деп хабарлады paryz.kz.

Мамыр айында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған қос полицейдің туыстары судья Мәди Көшікбаевтың шығарған үкімімен келіспейтінін білдірді. Көлік апатына кінәлі деп танылған 26 жастағы экс-полицей бүгін сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Азат Азаматов ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 1,4 бөлігімен кінәлі деп танылсын және оны өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық атқару жүйесінің  қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу тағайындалсын. Азат Азаматовқа қарсы күзетпен бұлтартпай ұстау шарасы өзгертусіз қалдырылсын", - деді Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшікбаев.

Қайтыс боған қос полицейдің артында кәмелет жасқа толмаған 4 бала қалған. Марқұм Жарас Жанғазиев көптен күткен ұлының жарық дүниеге келгенін көре алмаса, Дастан Әбдіқанов қайтыс боларынан бір ай бұрын ғана ұлды болған. Марқұмдардың туысы бірнеше отбасын қара жамылдырған кінәліге берілген жаза тым жеңіл деп санайды.

"Баламнан айырылып отырмын. Біз үшін өмірлік қайғы, орны толмас қасірет. Ұлыма (марқұм Дастан Әбдіқанов - авт.) патриоттық тәрбие бердім, әскерге де барып келді. Ол осы жолды таңдап, еліне қызмет жасамақшы болды. Жайнап тұрған баламды өлтірді. Әкесі де, өзі де (А. Азаматов – авт.) полицияда жұмыс істеді, заңды біліп тұрып мас күйінде көлік жүргізді, жауапкершілігі жоқ. Соттың жазасымен біз келіспейміз. Өте жеңіл жаза тағайындап отыр. Заңды гуманизациялаймыз деп жүргенде, мына жақта заңның осалдығынан жас балалар қырылып жатыр", - деді марқұм Дастан Әбдіқановтың анасы Жанаткүл Абирова. 

Динара Аманның айтуынша, айыпталушы Азат Азаматов жолдасы (марқұм - авт.) Дастанмен ТЖ кезінде бірге жұмыс істеген. 

"Күйеуім қайтыс болғанда бір рет келген. Одан бері 6 ай өтті, не анасы, не әкесі келіп кешірім сұраған жоқ. Оларды сотта бірінші рет көрдім. Адам ісіне шынымен өкінсе, келіп кешірім сұрайды. Азат Азаматов полиция қызметкері болған. Ол жолдасым Дастан екеуі ТЖ кезінде наурыз, сәуір айларында бірге жұмысқа шыққан, қалада патрульде де бірге жүрді", - деді Динара Аман. 

Сондай-ақ, судья 10 жылға сотталған экс-полицейден ірі көлемде ақша өндіру туралы да үкім кесті. №4 блок-бекеттегі атышулы апат салдарынан қайтыс болған қос полицей – Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың жақындарына және жарақат алған Еркебұлан Сейдазымға материалдық-моральдық өтемақы, мемлекетке келтірген залалды да қоса төлеуге міндеттелді. Мәжбүрлі түрде өндірілетін ақшаның жалпы көлемі 66 миллион теңгеден асады.

"Судья заңнан аса алмаймыз деп отыр, айтарым жоқ. Заң солай болса, Алла жазасын берсін. Артында жылап қалған әке-шешелерінің көз жасы жібермесін. Өтемақы біздің талабымыз бойынша қанағаттандырылды. Алайда, мәселе ұлдарымыздың мәңгілікке маскүнемнің кесірінен кетіп қалғанында", - деді жәбірленуші Маратжан Сиыршев.

Еске салай кетейік, 25 мамыр күні Алматы облысының Қарасай ауданындағы Көксай шағын ауданына қойылған блок-бекетте жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полицияның мәліметінше, BMW көлігін тізгіндеген Азат Азаматов алдымен бетон қоршауына соғылып, артынша полиция қызметкерлері отырған патрульдік автокөлікті қаққан. Тәртіп сақшыларының бірі оқиға орнында, бірі ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ, тағы бір полицей зардап шекті.