Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақстан коронавирустың екінші толқынына толық дайын емес

"Түрлі аймақтарда бюрократиялық кедергілер болып жатыр. Кейбір мекемелерде айлығына қосылып берілуі керек болған үстемақылары берілмеген. Сондай нюанстар көп", - дейді маман.

Қазақстан коронавирустың екінші толқынына толық дайын емес
фото: bairaq.kz

Елде келесі аптадан бастап кинотеатрлар өз жұмысын бастайды. Ведмоствааралалық комиссия осындай шешім қабылдады. Сонымен бірге сауда ойын-сауық орталықтары мен жабық базарларға сенбі күні сағат 5-ке дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Ал мейрамханалар мен түнгі клубтар үшін қолданыстағы тыйым өзгеріссіз қалмақ, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Бүгіннен бастап жұмысы жанданатын кинотеатрларға қойылатын талап қатаң. Олар санитарлық талаптарды сақтай отырып, залдың толығуын 30 пайыздан асырмауы шарт. Көрермендердің барлығы маскамен отыруы керек. Ал мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде бақылау күшейтіліп, халықаралық әуе рейстерінің саны қысқартылады.

"Шетелден келген, оның ішінде қазақстандық азаматтар үшін де ПТР тестінен өткені туралы анықтаманың жарамды мерзімін 3 күнге дейін белгілеу. 19 қазаннан бастап ел аумағындағы өңірлік зертханаларында ПТР-тестілеу құны 9 мың теңгеге дейін төмендетілді. Сырқаттанушылық өсімі болмаған, эпидемиологиялық жағдай тұрақты аймақтарда бизнес субъектілерінің қызметі кезең-кезеңмен қайта жанданады", - деді Премьер-министр Асқар Мамин.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақты дегенмен, Қазақстанның бірқатар аймақтарында шектеу шаралары күшейтілді. Қазірше Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында карантин қатаңдатылған жоқ. Бұдан бөлек, Қарағанды-Нұр-Сұлтан тас жолы мен Қостанайдың шекаралық аймақтарына блок-бекеттер қойылды.

"Біз Ресей Федерациясымен шектесетін аудандарға санитарлық бекеттер қоюды жоспарлап отырмыз. Өйткені, Челябинск ауданында індет жұқтырғандардың саны өсіп барады", - деді Қостанай облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Владемир Нечитайло.

COVID-19-ды зерттеп жүрген Әкім Тұрсынның айтуынша, болуы ықтимал толқынға еліміз толық дайын емес. Қажетті құрал-жабдықтар бар болғанымен, онымен жұмыс істейтін дәрігерлер тым аз. Оның үстіне, оларға берілуі тиіс үстемақы мәселесі де көңіл көншітпейді.

"Түрлі аймақтарда бюрократиялық кедергілер болып жатыр. Кейбір мекемелерде айлығына қосылып берілуі керек болған үстемақылары берілмеген. Сондай нюанстар көп. Сол жағынан дайындалуымыз керек. Иә, мың жерден қаншама ИВЛ аппаратын алғанымен, қаншама больницаларды салғанымен, ертең ол жерде кім жұмыс істейді деген мәселе бар. Мысалы, ол жерге бір рет беті қайтып қалған адам екінші рет барғысы келмейді", - деді "Q MED" ұлттық инновациялық медицина палатасының басшысы Әкім Тұрсын.

Әлем ғалымдары қытайлық індетке қарсы дәрілік препараттар мен вакцина әзірлеуге білек сыбана кірскен. Вакцинаға үміт артатын адам көп, әрине. Дегенмен, бейресми медицинаға да үміт артатындар аз емес. Мысалға қарағандылықтар "Коронвирусқа қарсы иттің еті шипалы" дегенді шығарыпты. Бұл қаншалықты дұрыс?

"Иттің етін жеген – зиян. Неге? Өйткені, оны көшеден ұстап алатын болса, ол крыса жеуі мүмкін. Тіпті, көшеде жатқан қоқыстармен қоректенуі мүмкін. Сол жердегі барлық таксинді заттар иттің етінде болады. Демек, оны қанша қайнатып пісіргенмен, бактерия өледі, таксин заттар қалады", - дейді Әкім Тұрсын.

Оның айтуынша, коронавирус та кез келген заттың бетінде өмір сүре береді. Спиртпен өңдегеннің өзінде нәтиже болмауы мүмкін екен. Тағамды ыстық сумен жуып тұтынған дұрыс, деседі білетін мамандар.