Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Ақмола облысында сарбаз әскери бөлімнен қашып кеткен

12 қарашада 55209 әскери бөлімі кезекшісінің көмекшісі сарбаздың жоғалғаны туралы полицияға хабарлаған.

Ақмола облысында сарбаз әскери бөлімнен қашып кеткен
фото: ашық дереккөз

Полиция 12 қарашада Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы 55209 әскери бөлімінен өз еркімен кетіп қалған 21 жастағы сарбазды іздестіріп жатыр. Алайда бөлім басшылығы жағдайға қатысты түсініктеме бермей отыр деп хабарлайды Paryz.kz.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 12 қарашада 55209 әскери бөлімі кезекшісінің көмекшісі сарбаздың жоғалғаны туралы полицияға хабарлаған.

Ол жеке құрамды кешкі тексеру кезінде сағат 19:30-да жедел қызметтің А. есімді әскери қызметкерінің жоқ екені анықталғанын айтты, - делінген Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратында.

Бұл сарбаздың Түркістан облысынан мерзімді әскери қызмет етуі үшін 2021 жылдың 4 қарашасында Ақкөл әскери бөліміне келгені хабарланды.

Тексеру барысында 12 қарашада сағат 19:30 шамасында ол бөлімді өз еркімен тастап кеткені анықталды. Бірге қызметін өтеушілер арасында қайшылықтар болмаған, - делінген құжатта.

Алайда әскери бөлім сарбаздың қашып кету фактісін жоққа шығарды. Бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары Бейбіт Телегенов еңбек демалысына шыққан. Телефон арқылы сөйлесу кезінде подполковник бұл ақпаратты жалған деп айтты. Ол сондай-ақ Түркістан облысынан келген сарбаздар бөлімде қызмет етпейтінін атап өтті.

Кім айтты? Ол жоғалып кеткен жоқ. Мұны кімнің аудандық ішкі істер бөліміне жеткізгенін анықтап жатырмыз. Бізде Түркістан облысынан келген сарбаздар жоқ. Бізде Шығыс Қазақстаннан келген сарбаздар бар, - деп жауап берді Бейбіт Телегенов.

Командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары да сарбаздың жоғалып кеткенін жоққа шығарды.

Білмеймін, ондай ақпарат жоқ. Қазір жалған ақпарат көп қой. Біреуге жамандық жасаса, бірден жалған ақпарат таратады, - деді ол.

Алайда әскери бөлімнің жеке құрамынан іздеу топтары құрылды. Аудандық полиция пункттерінің патрульдері, ауылдық округтердің учаскелік полиция инспекторлары іздеуге жұмылдырылған.

Қазір Ақкөл қаласында іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған факті бойынша Ақкөл аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, Ақкөл станциясындағы желілік полиция пункттері және көпшілік жұмылдырылды, - делінген Полиция департаментінің ақпаратында.