Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ауылдағы су ішетін жалғыз құдық бейіт пен қоқыстың арасынан қазылған

Биыл қазынадан 230 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылға су тарту жұмыстары басталғанда тұрғындар бөркін аспанға атып, қуанған еді. Бірақ, ол қуаныштары ұзаққа бармады...

Ауылдағы су ішетін жалғыз құдық бейіт пен қоқыстың арасынан қазылған
фото: bgrmaslihat.gov.kz

Қарағанды облысындағы Шешенқара ауылына ауыз су құбыры толық тартылмай жатып, дау туды. Жұрт жаңадан қазылған құдық суының сапасына күмәнмен қарайды. Себебі, жобалау кезінде бірқатар санитарлық талап сақталмаған, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Жалпы, Шешенқара ауылында ауыз су мәселесі жылдар бойы шешілмей келген. Мұндағы жұрт тіршілік нәрін тасып ішеді. Әр үйде құдық бар, бірақ, оның суы тіпті жуынуға да жарамайды. Биыл қазынадан 230 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылға су тарту жұмыстары басталғанда тұрғындар бөркін аспанға атып, қуанған еді. Бірақ, ол қуаныштары ұзаққа бармады. Жұрт небәрі 9 метр тереңдікте қазылған құдықтың суы сапалы болатынына күмәнмен қарайды.

"Бейіт 350 метр жерде, арғы жағында 600 метр жерде қоқыс полигоны тұр. Қасында 80 метр жерде Нұра өзені ағып жатыр. Жерасты суы да, үстінен аққан көктемдегі су да түгел сол жерге, Нұраға құйылады. Ондай құдық осы ауылдың барлығында бар", - дейді ауыл тұрғыны Амантай Ахметов.

Техникалық қадағалаушылардың айтуынша, жобаның топонимикалық түсірілімі әу баста дұрыс жасалмаған. Құжатта зират та, қоқыс полигоны да көрсетілмепті. Ал енді оны қайта өзгерту үшін көп уақыт керек. Әрі тапсырыс берушілер, мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалаушылар бір мәмілеге келуі тиіс. Оның үстіне қосымша қаражат қажет.

"Жоба бойынша біз жасадық. КАЗНЕДРА-дан бағалау алдық. Қай жерден қаз деді, сол жерден қаздық. Олар айтпай, біз әрекет ете алмаймыз. Осы жерде 10 скважина қазылды, соның жетеуінде су ішуге келмейді", - дейді аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Зүлкәфл Омаржанов.

Ал санитар мамандар ауыз су көздерін орналастырудың өз заңдылығы бар деседі. Егер ол талаптар бұзылған болса, жобаны қайта қарау қажеттігін айтты.

"Тұрғындар жиналып немесе сол қызмет көрсетуші орган бізге өтініш бере алады. Бес күн ішінде тексеріп, біз санитарлық талаптарға сай, сай емес екендігі туралы қорытынды шығарамыз", - дейді аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Санжар Иристаев.

Ал әзірге ауыл ішіне су тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Егер кеткен қателікті дер кезінде түземесе, ертеңгі күні жұмыс аяқталған соң жобаға жауаптыларды таппай қаламыз деп жұрт алаңдаулы. Әлі мемлекет қаржысы текке шығын болады деп налиды.