Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Халықпен санаспайды!": Түркістан облысы Түлкібас ауданы экологиялық апаттың алдында тұр

Тұрғындар бірнеше рет ауданға, облысқа арызданғанымен, жауап келмеген. Енді тағы да жиналып, петицияға қол қойды. 

"Халықпен санаспайды!": Түркістан облысы Түлкібас ауданы экологиялық апаттың алдында тұр
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысы Түлкібас ауданы экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр. Себебі тұрғындар күнара тау-тастың арасындағы жарылыстан бұлақтар тартылып, шаң-тозаңнан көз аша алмай отыр деп хабарлайды Paryz.kzЕуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Жығылғанға жұдырық болып, жақын маңға химиялық зауыт салынбақ. Алайда халықпен не зауыт басшылығы, не биліктегілер келіп бір ауыз сөйлеспеген.

Түлкібас ауданының алты ауылының жүзге жуық тұрғыны химиялық зауыттың салынуына үзілді-кесілді қарсы. "Уланып өмір сүргіміз келмейді" дегендер өздерінің талаптарын төтесінен қойып, техникаларын жүргізбей тастады.

Біздің балаларымыздың мүгедек болмауына, дені сау болып тууына кім кепіл береді? Шенеуніктер кепілдік бере ме? Кішкентай ғана табиғатымызға зауыт салғалы жатыр, – деді тұрғын Болатбек Құрманов. 

Халықпен санаспайды, халыққа есеп бермейді. Біздің айқайымызды тыңдап жатқан жоқ. Осы жердің қожайына тікұшақпен келеді де, қайта ұшып кетеді. Бізге спорт кешенін саламыз, асфальт саламыз дейді. Біздің денсаулығымыз жоқ болса, бізге оның не керегі бар, – деді тағы бір тұрғын.

Осылай деп ашынғандар ел іргесіндегі карерьдің жұмысын тоқтатуды айтып қалды. Себебі тауды жарған кезде есік-терезелеріне дейін тарсылдап кетеді екен. 

Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары зауыт салынбайды, тек жобасы жасалып жатыр деп құтылды. 

Қазір бір осы карерьдің жұмыстары бойынша арыз жазып, белгілі мекемелерге жіберіп жатырмыз. Облыс, тіпті министрлік деңгейіне дейін арызданамыз. Тоқтатуға мүмкіндік бар, – деді ол.

Тұрғындар бірнеше рет ауданға, облысқа арызданғанымен, жауап келмеген. Енді тағы да жиналып, петицияға қол қойды.