Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Бүгіннен бастап Ақмола облысында да карантин тәртібі күшейтілді

65 жастан асқандар далаға шықпағаны абзал. Демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, аумағы 1000 шаршы метрлік орындар жұмысын тоқтатады. Таксиде екі адамнан артық адам болмауы керек.

Бүгіннен бастап Ақмола облысында да карантин тәртібі күшейтілді
фото: inform.kz

Карантин тәртібі күшейтілген аймақтардың қатарына Ақмола облысы да қосылды. Аймақта соңғы күндері коронавирус инфекциясының репродуктивтілік көрсеткіші бірден асып кеткен. Вирус жұқтырғандар әсіресе Көкшетауда көп. Қатаң шектеу шарасы бүгіннен бастап күшіне енді, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысынан:

Ақмола облысындағы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі;

5-тен 180-ге дейін оқушысы бар мектептерге сыныпта баланың санын 15-тен асырмай жұмыс істеуге рұқсат етіледі;

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі шектеледі;

Фитнес-орталықтар сыйымдылығының 50 пайызын ғана қабылдауы тиіс.

Ақмола өңірінің санитар дәрігерлері тұрғындарға әрдайым бетперде тағып жүру керектігін ескертеді. Ақмолалықтар түнгі сағат 11-ден таңғы 6-ға дейін әрі-бері көше кезбеуі тиіс. 65 жастан асқандар далаға шықпағаны абзал. Демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, аумағы 1000 шаршы метрлік орындар жұмысын тоқтатады. Таксиде екі адамнан артық адам болмауы керек. Тамақтану орындары 30-дан астам қонақ қабылдамауы қажет. Азық-түлік дүкендері мен жабық базарларға да тыйым бар.

Дәл осындай шектеу шаралары екі күн бұрын бас шаһарда енгізілді. Елордада да соңғы тәуліктерде вирус жұқтырғандар саны көбейген. Күніне 3-тен 20-ға дейін жағдай тіркеліп жатыр. Науқастардың арасында үлкені де, кішісі де бар. Жалпы, елордада вирусты жұқтыру деңгейі орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары екен. Қауіпті індетке шалдыққандар арасында ерлерге қарағанда әйелдердің үлесі көбейген. 40-65 жас аралығындағы адамдардың сырқаттануы жиілеген.

"Нұр-Сұлтанда 13 наурыздан 14 қазан аралығында вирусқа шалдыққандар саны 14 234 адамды құрап отыр. 40-65 жас аралығындағы адамдардың сырқаттануы жиілеп барады. Егер коронавирус жағдайлары тіркелген бастапқы уақытта ерлердің үлесі 60,3 пайызды құраса, соңғы 9 айда вирусқа шалдыққандардың 53 пайызы әйелдер екені анықталды", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы тауар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов.