Прямая трансляция

Астана

Астана

7°C

Медина мемлекетке мейлінше риза

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы  атқарған жұмыстарын түрлендірудегі мақсаты көпшілік біржақты ойға бекіп қалмаса дегендік. Өйткені ел арасында содырлардың сойылын соғып кеткендер: жағдайы төмен, жоғары білімі жоқ, сауатсыздау адамдар деген біржақты пікір қалыптасқаны рас.

Медина мемлекетке мейлінше риза
Фото: TripAdvisor

Иә, бұл пікірді мүлде жоққа шығара алмаймыз. Алайда адасқандардың ішінде жоғары білімді, өмірлік тәжірибесі мол адамдар да кездеседі. Тіпті, халықаралық білім алған азаматтардың барын білгенде, адам адасам десе аяқасты екен-ау деген ойға қаласыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз – маңғыстаулық Медина  халықаралық қатынастар маманы. Бұл дегеніңіз – түрлі халықтың тұрмыс-тіршілігін, елдік ерекшелігін білуден басталатын мамандық қой. Демек, мәселе мамандықты меңгеруде емес,  мәселе мән-жайдың маңызын біліп, мәнін түсінуде екен. Әрине, тек қана түсінбеуден тұңғиықтың түбіне кете береді дегеннен аулақпыз. Сол түсінбестікке түрткі болатын жат ағымның жалған ақпараты ғой. Өңін аударып, жөнін бұрып, миын улап, санасын сан тарауға салып жібергенде адам өзінің қалай адасып қалғанын білмей қалатын болса керек. Медина өзінің өткен күнінде адасқанын айтады: «Сол бір әрекетіме өкінемін. Білімсіздігіме, адасқаныма өкінемін. Өзім аманмын. Балаларым аман. Соған шүкір. Бірақ өкініш бәрібір қалады екен».

Медина халықаралық қатынастар түлегі болғанымен, Сириядағы жайттарға назар аудармапты. Ол жақта не болып жатыр? Астары неде? Бұл сұрақтарға жауап іздемеген. Жат ағымның жетегінде жүрген күйеуінің жалған сөзіне еріп, оттың ортасынан бір-ақ шығыпты. Ал күйеуінің қатесі неде? Маман сөзін келтірейік.

ҚМДБ, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Сансызбай Құрбанұлы: «Бұлардың қате түсінігі осы елді күпірге шығарып, осы елде қалып кетсе, әйелім мен бала-шағам кәпірлердің ортасында қалып кетті деп ойлайды. Сондықтан алып кетем дейді. Біріншіден, бұлар тарихқа тиіседі. Біздің ата-бабаларымыз мұсылман болмаған. Мұсылмандық тоқсаныншы жылдардан ғана басталған. Екінші дәстүрге қарсы. Сәлем салу қате, қолға су құюға болмайды. Ширк, күпір, т.т. Әке-шешесі намаз оқымаса, олармен араласпайды. Мемлекетте жасалып жатқан жайғдайлар да бар ғой. Бірақ олар оны көрмейді. Тек қана минусты көреді».

Деструктивті діни топтың идеологтары Таяу Шығыстағы бұлар баратын мұсылмандар нағыз әділдіктің үлгісі, шындықтың өнегесі деп санаға сіңірген екен. Медина бара салысымен-ақ әділдіктің жоқтығын байқапты: «Бірінші күннен-ақ ол жақта ешқандай халифаттың жоқ екенін білдім. Заңсыздық, әілетсіздік бірден көрінді»

​Айтқанда адамның аңсарын аударған халифаттың шынайы көрінісі – азаптың аймағы, надандықтың ортасы болып шығады. Шекарадан өтіп, жатаққа жеткенше жерлестеріміз түрлі шатақтың куәсі болыпты. Бірақ кеш еді. Адасқандарын тым кеш түсінді. Ланкестердің дегеніне көнгендер қолына қару алып, қан майданға араласып кетсе, көзі ашылып көнбегендер қатаң жаза тартқан. Былай барсаң, өгіз өледі, былай барсаң, арба сынадының кебін киген Медина талай шындықтың куәсі болыпты.

Мединаның жолдасы маңғыстаулық қарапайым қазақ. Теріс ағым идеологтарының арбауына ілінген. Оның бұрыс кеткенін байқаған мешіт имамдары дұрыс жолға салғысы келген, бірақ ол оңалмаған. Келіншегі еріп кеткен. Айта кету керек Мединаның жолдасында басқа да проблемалар болса керек. Оның кетуіне осы түйткілдер де түрткі болыпты. 

Жат ағым талай жанның тағдырын бұзды, алды ажал құшты. Не үшін, кім үшін барғаны белгісіз жандардың сүйегі көмусіз қалғаны қаншама?

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды дейтін сөз бар. Ықылым заманнан келе жатқан бұл сөзді мемлекет басшылыққа алып, адасқан жандарды жақсы жаққа бұруға барын салып келеді. Мединаны да мемлекет қамқорлығына алған. Қазір ол Маңғыстау облысының Дін істері жөніндегі басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығында жұмыс істейді. Кез келген сұрақтың жауабын мүфтияттан сұрайды. Шетелдік идеологтардың уағызынан уланған Медина бойына тараған уыттанимамамдардың иманға апаратын сөздері арқылы тазаруды мақсат етеді және солай істеп те жүр. Ақпараттық талдау бөліміне келіп түсетін ақпараттармен айналысады. Мүфтияттың берген бағыты бойынша реттейді. Әріптестерімен жақсы араласады. Ортақ іс-шаралардан қалмайды. Әріптестері де Мединаны ішке тартып, үнемі қамқорлық танытады. Медина туралы Жаңаөзен қаласы Ақпараттық талдау орталығы директорының орынбасары Жанар Амантұрлиева пікір білдірген: «Қызметкер ретінде өте тәртіпті. Уақытында келеді, берілген тапсырмаларды уақытында орындайды. Оғаш қылық, артық әңгімесі жоқ. Ұжымның іс-шараларынан қалмайды. Үнемі қосылып отырады, қарсылық танытпайды».

Мединаның қалыпқа келіп, қателігін толығымен түзеуге бет қоюының түбінде мемлекеттік қамқорлық жатыр. Теолог, психолог, имамдардың нәтижелі жұмысы жатыр. Оны өзі де біледі, мойындайды: «Мемлекет мені еліме қайтарды. Жұмысқа орналастырды. Бұл – үлкен көмек. Бұдан артық қандай көмек болуы мүмкін. Еліме, үкіметке рақмет, осылай көмек жасап жатқанына... ».

2020 жылы мемлекеттік «Жусан» операциясымен елге қайтарылған қыз-келіншектер қателіктерін түсініп, тура жолға бет бұрып жатыр. Елде діни ахуал тұрақты бағытта қалыптасып келеді. Мұны біз Дін істері басқармалары берген ресми мәліметтен алып отырмыз. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, жалпы халық зайырлылық қағидаларын ұстанады. Бұл мемлекет жұмысының жемісі. Адасудан, алданудан сақтанайық! Сақ болайық!                                  
 

Еділ АНЫҚБАЙ