Ақмола, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғы деңгейде қалған.
Биылғы қыркүйек айында Қазақстанда кинотеатр билетінің бағасы 1600 теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 13%-ға қымбат деп хабарлайды Paryz.kz, Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің ірі қалалары мен мегаполистері арасында кино билеттерінің бағасы Шымкентте (2,6 мың теңге) қымбатырақ болса, ең арзаны – Семейде (1,1 мың теңге).
Бағаның күрт өсуін Ақтөбе (бір жылда бірден 30,6%), Қызылорда (28,2%) және Атырау (20,4%) облыстарының тұрғындары сезінді.
Ал төрт өңірде - Ақмола, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғы деңгейде қалған.
Ticketon.kz сайтының мәліметінше, 21-24 қазан күндері "Түзелмейтін Рон" мультфильмі кассалық сатылым (39,6 миллион теңге) бойынша кинопрокат көшін бастады. Мультфильмнің прокатқа шыққанына бір апта ғана болды.
Рейтингінің екінші орнында үшінші апта прокаттағы "Өлуге уақыт келген жоқ" (29,4 миллион теңге) шытырман оқиғалы фильмі тұр.
Үздік үштікке, сондай-ақ, 28,4 миллион теңгелік прокатпен "Семейка Аддамс: Горящий тур" анимациялық фильмі енді.
Биыл бірінші жартыжылдықта кино, бейнефильмдер және телевизиялық бағдарламалар өндірісі бойынша қызметтер көлемі 21,2 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 19,6% көп. Сектордағы нақты өсім 14% құрады.
Барлық қызметтердің үштен екісінен астамы Алматыда көрсетілген: 14,5 млрд теңге. Бір жылда 17,6%-ға артқан. Көшбасшы өңірлердің үштігіне еліміздің басқа екі мегаполисі — Нұр-Сұлтан (4,8 млрд тг) және Шымкент (635,9 млн тг) кірді.