Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Нұр-Сұлтан әуежайынан 4 адам еліне қайтарылды

132 жолаушы стационарлық карантинге жатқызылды.

Нұр-Сұлтан әуежайынан 4 адам еліне қайтарылды
Фото: Twitter

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан әуежайына ұшып келген 573 жолаушының 132-сі стационарлық карантинге жатқызылды, деп хабарлады paryz.kz.

"Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан әуежайына 5 ұшақ қонды, рейстерді Air Astana, Turkish Airlines, Belavia және Flydubai әуекомпаниялары жүзеге асырды. Барлығы 573 жолаушы ұшып келсе, соның 132-інде ПТР-тесті болған жоқ, олар стационарлық карантинге жіберілді. ПТР-тестін тапсырғаннан кейін оларды үйлеріне жібереді. Егер тест нәтижесі оң болған жағдайда, олар жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі. ПТР-тестілерінің мерзімі өтіп кеткен 4 жолаушы депортацияланды", - деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда:

  • Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады.
  • Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді.
  • Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумақтарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған.
  • Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 мтерлік әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген.
  • Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады.
  • Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар, тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.
  • Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлерімен нұсқаулық жүргізіледі.

Айта кетейік, 6 қазаннан бастап ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу бойынша шараларды одан әрі күшейту туралы жаңа қаулысы күшіне енген болатын.