Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Ордабасы мақташыларының суын әкімдік Түркістанды абаттандыруға бұрып жіберіпті

"Мен 2-3 жылдан бері айтып келе жатырмын, мақта дақылын тоқтатыңдар деп. Кейбір еңбекқор, ниеті түзу азаматтар бар. Қазір жақсы өнім алып жатыр. Ал кейбір азаматтар кем өнім алғанын біреуден көреді", - дейді түркістандық шенеунік.

Ордабасы мақташыларының суын әкімдік Түркістанды абаттандыруға бұрып жіберіпті
фото: rgmedia.kz

Оңтүстіктің мақташылары қып-қызыл шығынға батып жатыр. Әсіресе, Ордабасы ауданындағы "ақ алтынмен" айналысатын диқандар егінін тек бір рет суарып үлгеріп, салдарынан мақта жылдағыдан 2 есе аз өнім беріпті. Өйткені, суды облыс Түркістанды абаттандырамыз деп бұрып жіберген. Енді аз өнімді өткізудің өзі мұң. Мақта қабылдаушы зауыттардың бағасы тым төмен, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Сонымен, Ордабасы ауданының диқандары мақтаның 80 пайызын айналасы екі аптада жинап үлгерді. Қалғанын бірер күнде теріп бітуі тиіс. Диқандар мақтаны жылда екі мәрте суаратын. Бірақ, биыл жаздың ортасында су беру мүлдем тоқтапты. Тіршілік нәрі болмаған соң, егіннен күй кетіп, өнім күрт төмендеген.

"10 шілдеден бастап су тоқтады. Көп жерде 70 пайыз сумен қалды. Енді орта есеппен 16-17 центнерден келіп жатыр. Ал 16-17 центнермен тек шығынға батамыз. Баға саясаты дұрыс емес", - дейді диқан Қасен Дүйсенбі.

"Қолдан жасаған құрғақшылықтан өнімнің жартысынан айрылдық" дегендер қазір сол аз мақтаны зауыттарға өткізіп жатыр. Бірақ, олар да қитұрқылық жасап, бағаны тым төмен ұсынады екен. Алдыңғы жылы келісін 180-нен алған мақта зауыттары былтыр 150 теңгеден берсе, биыл тіпті 100 теңгеге түсірген.

"Жекеменшік зауыттарға талатып жатыр" деген егіншілердің аудандық шенеуніктерге де өкпесі қара қазандай. Себебі, мемлекеттен берілетін субсидияның құжаттарын өткізерде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі түрлі сылтаумен құжат қабылдамай, "азын-аулақ жеңілдіктен де қағылдық" деп отыр.

"Күніге жиналамыз, ауданда компьютерден база ашылмайды. Сондай сылтау айтылды. Қалып қойдық. Өзіміздің кооперативтен 970 тонна мақтаға субсидия алынбай қалды. Осыны іздеуден басталды", - дейді агроном Арапбай Әбішұлы.

Облыстық ауыл шаруашылығына жауапты ақжағалылар саспады. "Түркістанды абаттандыруға су бұрғанымыз рас, бірақ, оған көп су кеткен жоқ", - дейді. Ал Ордабасыда тіршілік нәрі жеткілікті болыпты-мыс. Жалпы, облыста 90 мың гектар ғана мақта егілуі тиіс болса, қазір "ақ алтын" алқаптары – 125 мың гектар. Сондықтан сұраныс та аз. Оның үстіне қазақ мақтасы өзбек пен тәжіктің өнімінен сапасы төмен болғандықтан, халықаралық нарықта да арзан көрінеді.

"Мақтаға сұраныс жоқ. Сұраныс болғанда, ол шаруаға да пайда емес. Мен 2-3 жылдан бері айтып келе жатырмын, мақта дақылын тоқтатыңдар деп. Кейбір еңбекқор, ниеті түзу азаматтар бар. Қазір жақсы өнім алып жатыр. Ал кейбір азаматтар кем өнім алғанын біреуден көреді", - дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.

Шенеуніктің айтуынша, мақта егуді қысқарту керек. "Мақтаның орнына картоп ексін", - деп кеңес берді ол. Бірақ, "егінге не су бермейтін, не мақта бағасына араласа алмайтын облыстық басшылардан қайран жоқ" деген ел енді мәселені оң шеше алатын елордадан ғана көмек күтеді.