Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Оралда айлық барысында 5300 тал-терек егілді

Қазіргі уақытта Орал қаласы аумағын жинау, көгалдандыру және абаттандыру бойынша санитарлық-экологиялық айлық өтуде. Оған мемқызметшілер, депутаттар, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдері мен студенттер белсенді қатысуда.

Оралда айлық барысында 5300 тал-терек егілді
Фото: Жұбан МҰРАТ

-Қала әкімдігінің бастамасын қолдап біздің қоғамдық ұйымның ұйытқы болуымен ҮЕҰ өкілдері айлық аясында тазалық жұмыстарын Хан тоғайы, жылу қуат орталығы ауданындағы Перевалочный тоғайы мен Даңқ монументі, 1,2 саяжай қауымдастығы, Саратов күре жолы бойындағы орман алабы аумақтарында жүргізуде,-дейді «Медет» қоғамдық қорының басшысы Амангелді Дәулетжанов.

Айлық барысында барлығы 5300 дана тал-терек егілсе, оның 550 түп үйеңкі мен терек көшеттері өткен сенбі күнгі шара кезінде отырғызылды.

Қала басшылығы көгалдандыру және тазалық бағытындағы сенбіліктерге әрбір оралдықтың қатысқаны жөн дейді. Себебі ортақ үй саналатын – Орал шаһарының тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын жауапты.

Айта кету керек, Орал қаласын көгалдандыру бойынша бекітілген жоспарға сай биыл шаһарда 50700 түп тал-терек, жасыл желек пен көпжылдық гүлдер отырғызылды.

Жұбан МҰРАТ