Прямая трансляция

Астана

Астана

18°C

Оралдағы "Зенит" зауытының құрылғанына 80 жыл толды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде мемлекетімізбен бірге өркендеген кәсіпорын 34 кеме жасап шығарды.

Оралдағы "Зенит" зауытының құрылғанына 80 жыл толды
Фото: Жұбан МҰРАТ

Мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнының тарихы Ленинград қаласынан бастау алады. Ол 1931 жылы К. Ворошилов атындағы машина жасау зауыты (№231 зауыт) деп аталған «ОСТЕХБЮРО» құрамына кіретін «Двигатель» зауытының негізінде құрылады.  231-ші зауыт радио арқылы басқарылатын миналар, торпедаларға арналған құрылғылар және авиация үшін түрлі құрал-жабдықтарды шығарды.

1941 жылы қыркүйек айында Ленинградты жаудың қоршауына байланысты зауыт Орал қаласына көшірілді. Адамдар мен 194 жабдық орналастырылған 35 вагоннан тұратын алғашқы эшелон Орал қаласына 1941 жылдың 10 қыркүйегінде келіп жетті. Ленинградтық мамандардың жоғары біліктілігінің, ұжымның жанкешті еңбегінің арқасында сол жылдың 8 қазанында-ақ майданға алғашқы қару-жарақ партиясы жөнелтілді.  Торпедалар мен миналардан басқа соғыс жылдары зауыт майдан үшін кеме компрессорларын, жарғыштарды, фосфорлы-кальцийлі патрондарды, индукциялы соққы аспаптарын, «Обри» аспаптарын, авиациялық снарядтарды, ВЕХ детальдарын және жалпы тізімі 16 атаудан тұратын басқа да қажетті жабдықтарды да шығарған. Тек қана 1941 жылдың аяғына дейін майданға 28,5 мың әр түрлі жарғыш, 4000 фосфорлы-кальцийлі патрон, бірнеше мың авиациялық аспап жөнелтілді. Зауыт майданға тек қару және ақшамен ғана көмектесіп қойған жоқ. Ұлы Отан соғысы майдандарында талай зауыттықтар қан кешті. Олардың сұрапыл шайқастағы батылдығы және ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласынан 68 зауыттық оралған жоқ, олардың есімдері зауыттағы Даңқ және еске алу обелискісінде мәңгілікке сақталып, олардың құрметіне мәңгілік алау жағылады.

І дәрежелі Отан соғысы орденді «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиевтың айтуынша, мыңдаған оралдық үшін зауыт екінші отбасы болды. «Зенит»  жай жұмыс орны ғана емес, ол  –  жас мамандар тәжірибе жинақтайтын, аға толқынның қолдауын сезінетін өмір мектебі. Осындай ұрпақ жалғастығының арқасында ерекше зауыттық дәстүр қалыптасты. Оны зауыттықтар қастерлейді, кейінгі толқынға үйретеді. «Еңбек әулеттері  – біздің мақтанышымыз. Кейбір  әулеттің еңбек өтілі 100 жылдан асып кетті. Олардың арасындағы Батырғазиев, Әжіғалиевтерге 182, Бедолный, Столниковтарға  158, Дәулетияров, Мартасовтарға  155, Чернов, Васьковтарға  152, Маланиндерге 116  жыл болды» дейді ол.  

Айта кетйік, жақында Қорғаныс министрлігінің, шекара қызметінің қолдауымен зауытқа ауқымды тапсырыс түсті. Тапсырыс бойынша 2-3 жылға нақты жұмыс болады. Су ығыстырымдылығы 720 тонна болатын алып кеме құрастырылады. Мұндай кемені жасауға кәсіпорынның әлеуеті жетеді. 

Жұбан МҰРАТ