Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Оралда аулаларды абаттандыру жалғасуда

Орал қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары қызу жүруде. Қала әкімі Абат Шыныбеков жұмыстары жүргізіліп жатқан аулаларды аралап шықты.

Оралда аулаларды абаттандыру жалғасуда
Фото: Томирис СҰЛТАН

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, аулаларды жарықтандыру, орындықтар қою, қоқыс алаңдарын орнату жұмыстары қараша айының соңына дейін толықтай аяқталады. Ал Ә.Молдағұлова көшесіндегі 7-үй ауласында балаларға арналған ойын алаңқайы мен спорт алаңы салынып,  қалған жұмыстар жобаға сай келесі жылға жалғаспақ. Мердігер компания –  «АлтайКазИнжиниринг» ЖШС-ның атқарушы директоры Айдос Көкетаевтың мәлімдеуінше, жұмыстарды төрт бригада атқаруда, арнайы техникалар жеткілікті. Аулаларды жарықтандыруға – 67 миллион, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнату үшін және басқа да жұмыстар үшін – 111 миллион, келесі жылға өтпелі саналатын нысандағы абаттандыру жұмыстарына 834 миллион теңге қарастырылған. Аталмыш компания қаладағы 29 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Аулаларды кешенді абаттандыру жұмыстарына асфальттау, жарықтандыру, ойын алаңын салу, кіші архитектуралық нысандар орнату секілді жұмыстар кіреді. 30 жылдан бері жаңғырту жасалмаған аулаларының  жаңа кейіпке  енетініне тұрғындар қуанышты. Абаттандыру жұмыстары аяқталған соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен немесе елдімекеннің әкімдігімен тұрғындар арасында аталған аулаларды күтіп ұстау жөнінде келісімшарт жасалады.

Қала әкімі Абат Шыныбеков атап өткендей, жаңғырту жұмысы атқарылып жатқан аулалар тұрғындардың «Халық қатысатын бюджет» бойынша арнайы сайтқа қалдырған өтініштеріне  сәйкес таңдалған.

– Биыл аулаларды абаттандыруға, балалар алаңдары мен спорт алаңдарын салуға басымдық берілді. 20 балалар және спорт алаңдарының 14-інің құрылысы аяқталды. Қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Өткен жылы 29 ауланы кешенді абаттандыру туралы жобаны таныстырған едік. Биыл сол жұмыстар қолға алынды. Бұл жерде тұрғындардың да ұсыныс-пікірлері ескеріледі, – деді Абат Шыныбеков.

Сонымен қатар қала басшысы А.Шыныбеков көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісін құру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанынн атап өтті. Қазіргі уақытта 17 «Меншік иелері бірлестігі»,  417 жай серіктестік құрылған және 50-ден астам үйдің тұрғындары қажетті құжаттарды жинақтауда.

Томирис СҰЛТАН