Дәрігерлер келіншектің неден қайтыс болғанын айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған.
Шығыс Қазақстан облысында босанған әйел мен оның сәбиінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Paryz.kz, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16 қазанда Өскемен қаласы полиция басқармасының Солжағалау бөлімінде "Ана мен бала" КМК орталығына қатысты медициналық қызметкерлердің өз ісін кәсіби тұрғыда атқармауы салдарынан адам өлімінің орын алуы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі күні аталған қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, - делінген хабарламада.
Істің мән-жайын жан-жақты және толыққанды анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деді полициядағылар.
Өзге ақпарат тергеудің құпиялығы мақсатында жарияланбайды.
Өскеменде Ана мен бала орталығында шақалағымен бірге көз жұмған 37 жастағы Айжан Мержақыпованың туыстары шу шығарды. Қара жамылған отбасы әйелдің аяқаясты өліп қалғанының себебін білмей дал.
Олардың айтуынша, дәрігерлер келіншектің неден қайтыс болғанын айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған.
Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі Ана мен бала орталығына жатқызылған. Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. "Жүктілігі де қалыпты өтті" дейді күйеуі. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.