Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Рухани келісім күніне орай форум өтті

2021 жылдың он тоғызыншы қазанында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы және «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Рухани келісім күніне» орай ғылыми-практикалық форум өтті. Форумның тақырыбы: «Рухани келісім конфессияаралық диалог пен әлем мәдениетінің факторы ретінде» деп аталады. Форумға сарапшылар, теологтар, дінбасылар мен көшбасшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ басқа өңірлердің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты.

Рухани келісім күніне орай форум өтті

Рухани келісім күнін атап өту Қазақстанда 1992 жылдан басталған. Алматыда Бірінші дүниежүзілік Рухани келісім конгресі өткен күн – 18 қазанға белгіленіп,  жыл сайын бұл дәстүр жалғасып келеді. Отыз жылға жуық тарихы бар форумның  диалог пен ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде қалыптасуына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан үлесі зор. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров форумды ашу барысында айтты: «Қазақстан – бірқатар маңызды халықаралық бітімгерлік бастамалардың, әсіресе діндер мен өркениеттер диалогын ұйымдастыру саласындағы ұсыныстардың авторы. Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу осы саладағы жеткен жетістігіміздің жарқын мысалы болды. Съездердің арқасында бүгінгі таңда әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашуға объективті алғышарттар жасалды, сондай-ақ біздің ел аумағында конфессияаралық диалог пен келісімнің жаңа моделі қалыптасты. Съезд жұмыс істеген сәттен бастап, тек Алматы қаласында діни бірлестіктердің саны 10 есеге өсіп, діни сенім бостандығына оң серпін берді», - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Қазақстан секілді көп ұлтты мемлекет үшін «Рухани келісім күніне» байланысты болатын іс-шаралар арқылы еліміз ынтымақтастық пен бірлікті қалыптастыруға байланысты біршама тәжірибелі мемлекетке айналды. Келісім, сыйластық, құрмет, төзімділік, толеранттылық  түрлі этностар мен диаспоралар өмір сүретін ел үшін аса қажет. Бұл форумның берері зор. Бұл ойға Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Евгений Бобровтың сөзі жетеледі:  «Бүгінгі мереке – мейірімділік пен халық бірлігін ұлықтайтын күн. Рухани келісім – Қазақстанның игілігі болғандықтан, оны мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, оқу орындары мен дін қайраткерлерінің өзара іс-қимылы арқылы қолдап, сақтау қажет», - деді Бас консул.

Рухани келісім күнінде бір үстел басына жиналған әртүрлі діннің өкілдері ашық-жарқын пікір алмасады. Татулық пен бірлік, ынтымақ пен сыйластықты қалыптастыруға байланысты тәжірибе алмасады. Еліміздегі бейбіт өмірдің бір жағында осындай маңызды форумның да әсері мен ықпалы барын айта кетуіміз керек. 

Мәселен, Алматы қаласының Вознесенск кафедралды соборының ключары Александр Суворов тәуелсіздік жылдары Қазақстанда рухани келісімді нығайту мен конфессияаралық қақтығыстарға, оның ішінде заңды және институционалдық сипаттағы жанжалдарға жол бермеу бойынша шараларды жүйелеу жолында үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті. Сонымен қатар Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан да жиынның тиімді жағы мен пайдалы тұстарын түгел сипаттады және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы Евангелиялық христиан-баптистер шіркеулерінің аға пресвитері Алексей Лубошниковтың да құттықтауынан өзіміз айтып отырған сарынды байқадық: «Міне, 30 жыл бойы бүкіл Қазақстан осы мерекені атап өтуде. Келісім – бейбітшілік пен бақ-берекенің негізі. Біз осындай көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өзіңіз ойланыңызшы, тек Алматыда 17 конфессия бар, олардың барлығы өзара келісім мен достықта өмір сүруде».

Иә, аты айтып тұрғандай түрлі түсінік пен бірнеше дін ұстанатын азаматтарды ортақ мүддеге біріктіруде мұндай іс-шараның берерін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Бүгінгі форум барысында игілігі мол, әлеуеті зор жиыннан көпшілік көп ой түйіп қайтты. Өйткені айтылған сөз маңызды, ортаға салынған ой тұщымды, талқыланған тақырып мәнді болды. Бір ғана тақырыппен шектеліп қалған жоқ. Маңызды тақырыптарды да қарастырды. Мысалы:

-«Деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту және әлеуметтендіру»;

- «Геосаяси факторлар: көпконфессиялы Қазақстан үшін сын-қатерлер мен тәуекелдер»;

- «Конфессияаралық келісім: ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, БАҚ және ғаламтор-ресурстардың рөлі», т.б. тақырыптар бүгінде өзекті. Өзекті тақырып өмірден тыс қалмақ емес. Бүгінгі жиыннан осындай ой түйдік. Мейірім мен адамгершілікті, ынымақ пен бірлікті, сыйластық пен татулықты тудыратын мұндай жиынның болып тұрғаны халық үшін қажет. Бүгінгі айтылған, талқыланған  тақырыптың қорытындысы еліміздің ауызбіршілігін бұдан да арттыра түсетініне сенеміз.

                                                                   Еділ АНЫҚБАЙ