Алайда бизнес өкілдері жұмысшыларымызды екпе салдыруға міндеттеу – заңға қайшы деп қапалы.
Жаңа қаулыға сәйкес, келесі аптадан бастап қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмеуі тиіс. Егер талап орындалмаса, жұмыс берушіге 700 мың көлемінде айыппұл салынады. Алайда пандемияда онсыз да "пайдадан қағылдық" деген бизнес өкілдері қарамағымыздағы жұмысшыларды екпе салдыруға міндеттей алмаймыз деп отыр деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың санитралық ережелерге енгізген өзгерістері қазақстандық кәсіпкерлердің наразылығын туғызды. 17 қазанда күшіне енетін жаңа қаулыға сәйкес, қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер анықталса, жұмыс берушіге 700 мың көлемінде айыппұл салынады. Алайда бизнес өкілдері жұмысшыларымызды екпе салдыруға міндеттеу – заңға қайшы деп қапалы.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысшыларымды вакина салдыруға міндеттей алмаймын. Тек ұсыныс жасап, түсіндіру жұмысын жүргіземін. Қызметкерлерімнің бірі келеді, бірі кетеді. Сынақта жүргендері болады. Вакцина салдырмағандарды жұмыстан шығара берсек, маман тапшылығы туындауы мүмкін. Тұрғындардың екпе салдыру-салдырмауымен басқа органдар айналысуы тиіс, - дейді Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Тұрсын Махмұтжан.
Ресторатор Гүлбану Майғарина да жаңа талап "ақылға қонымсыз" деп есептейді. Пандемияда онсыз да пайдадан қағылдық деген ол, қиын-қыстау кезеңде мемлекет орта және шағын бизнесті қанаудың орнына қолдау көрсету керек деп отыр.
Сауда азайып жатыр. Адамдар бұрыңғыдай мейрамханаға бармайды. Бұрыңғыдай пайда жоқ. Бағаны да көтере алмаймыз. Бизнес күннен-күнге қиындап барады. Шектеу қойып біздің жұмысымызды одан сайын ауырлатып жатыр. Үкіметтің бізге көмек беретін шамасы жоқ. Бізге тиіспесін. Өз-өзімізбен жұмыс істеуге мүмкіндік берсін, - дейді мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина.
Кәсіпкерлер жаңа қаулының кемшін тұстарын жіпке тізді. Дамыған мемлекеттермен салыстырған олар талап күшіне енсе, жұмыссыздар көбейіп, бизнес өкілдері тағы шығынға батады шырылдайды.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа қаулы жұртты вакциналау қарқынын арттыруға септігін тигізетініне сенімді. Алексей Цой індет өршіп тұрған шақта бизнес тәртіпке бағынуы тиіс дейді. Алайда кәсіпкерлер өз қызметкерлеріміз үшін жауапкершілік арқалай алмаймыз деп отыр. Сондықтан олар жауапты ведомство басшысы қаулыны қайта қарап, "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын" әділеттті шешім шығарады деген үміттте.