Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Оралда акцияда таңдалған кітаптар насихатталуда

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында 30 кітап бүкілхалықтық оқылымға ұсынылды. Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітаптарды оқырмандаоға кеңірек таныстыру мақсатында жұмыстанып келеді.

Оралда акцияда таңдалған кітаптар насихатталуда
Фото: Томирис Сұлтан

Атап айтқанда, таңдалып алынған Жұмекен Нәжмеденовтің «Менің Қазақстаным» шығармалар жинағы бойынша №10 кітапхана филиалы №14 мектеп оқушыларының қатысуымен патриоттық кеш ұйымдастырды. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай таңдалып алынған «Өмірдастан» шығармалары жинағын негізге  ала отырып,  «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты бейнекеш өтті. Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» туындысы  №25 орта мектеп ұжымыммен талқыланды. Оқуға ұсынылған отыз кітаптың бірі – Дулат Исабековтың «Жеті желкен» повестер жинағы. Қаламгердің жинағындағы «Тыныштық күзетшісі» пьесасынан ықшамдалып алынған үзіндіні Орал технологиялық «Сервис» колледжінің 1-курс студенттері сахналады. Қойылымды дайындап, студенттермен жұмыс жасаған №13 кітапхана филиалының кітапханашысы Нұржанат Сәрсенғалиева.

  – Шығарма желісі соғыс кезіндегі ауыл өмірі. Басты кейіпкер Демесіннің бала кезден алған психологиялық соққысы ақыл-ес кемдігіне әкеліп, ауыл тұрғындарына зиянын тигізіп жатса да, оны қамқорлап, қатарға қосып «Тыныштық күзетшісі» атандырған Ормантай қария арқылы қазақ халқының жарты нанын бөліп жейтін кең пейілдігі сипатталады. Пьеса мазмұны қойылымға қатысқан студентерге ғана емес, көрермендерге де өткенге құрметпен қарауды ұғындырды,  – дейді кітапханашы.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет  және  спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан акция биыл 15-ші рет өткізілуде. Жоба әдебиетіміздің қазыналы туындыларын  насихаттау, оқу мәдениетін  қолдау және дамыту, жастарға рухани  және  патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған.

Томирис СҰЛТАН