Зашаған кентінде бірнеше аула аумақтары абаттандырылып, кешенді ойын алаңы қолданысқа берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында кентте атқарылып жатқан игі жұмыстарға тұрғындар бек риза.
Тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру – басты мақсат. Осы жұмыстардың бірі – Байтақ көшесі, 4, 6, Сейітов көшесі, 1/3 және Саратов көшесі, 22, 24, 26 мекенжайларындағы аулалардың абаттандырылуы. Абаттандыру жұмыстарына 90 млн. теңге жұмсалған. Жобаға сәйкес спорт және балалар ойын алаңы, жарықтандыру мен арық жүйесі, қоқыс алаңдары, бейнебақылау камерасы, воркаут құрылғылары орнатылған.
Ал Жәңгір хан көшесінің бойындағы 71-үйдің алдына кешенді спорт алаңы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысанның жобалық құны 27 млн. теңге.
Тұрғындардың қуанышына кент әкімі Аққали Әубекеров, депутаттар ортақтасып, кентті көркейтудегі жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар ағаш отырғызу акциясына қатысты.
Томирис СҰЛТАН