Экстремизм мен терроризм әлемдік проблемаға айналғанына аз болған жоқ. Бұл проблема Қазақстанға да салқынын тигізді. Террористік оқиғалармен бетпе-бет келген кездерімізді көпшілік ұмыта қоймаған болар. Деструктивті жат ағымдар қарапайым көпшіліктің санасын улап, миын айналдырып, жырақтан жұмақ іздеткен әрекеттер елді дүрліктіргені, асыл дін – исламға күйе жаққаны секілді түрлі түйткілдерді ретке келтіру үшін «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Биыл бұл Заңға он жыл.
Заң жазалау үшін емес, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін шығарылады және мемлекетіміздің жоғарыдағы аталған заңды қабылдаудағы мақсаты – құқықтық реттеу арқылы негізгі діни бірлестіктерді және жеке тұлғалардың діни қызметін біріктіп, ҚР заңнамаларын жетілдіру.
Заңнамаларды жетілдіру зайырлылық принциптердің оңтайлы жүзеге асуына ықпал етеді. Яғни, зайырлылық дін мен мемлекеттік саясаттың халық игілігі үшін жұмыс жасауына, болашақта тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуының кепілдігі іспетті десек қателеспейміз. Осы тұрғыда сәл шегініс жасап, ел тарихына үңілсек, ертеден бері Қазақстан Шығыс пен Батыстың әртүрлі діндері мен мәдениеттердің тоғысқан орны болып келеді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда. Қазақстан барлық діндерге, мәселен, мұсылмандарға, православтарға, католиктерге, протестанттарға, иудейлерге және елімізде ресми тіркелген өзге де діни бірлестіктерге діни сенім бостандығы мен еркіндігін берген.
Діни институттар сапа мен саны жағынан біршама өсті. Құрбай айт және Рождество Христово діни мейрамдары демалыс күндері деп белгіленген. Бұларды реттеп отыру үшін, әрине, мақсаты айқын, мүддесі биік заң қажеттілігі көзі қарақты, көкірегі ояу адамға түсінікті деп ойлаймыз. 2011 жылдың 11 қазаны №483- IV «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының қабылдануының оңтайлылығын осы жағынан да көре аламыз.
Бұл заңда бірлестіктер құру мен оны тіркеу, олардың құқығы, уәкілетті органның құзіреті, діни ахуалды зерделеу, талдау, сараптау сынды, т.б. нормалар тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ, діни әдебиет пен діни мазмұндағы материалдарды тарату, ғибадат үйін салау, ол үйді салатын жерді анықтау, діни жоралар мен рәсімдер бағыттары айқын көрсетілген.
Нақтылай айтқанда бұл заң 6 тарау, 25 баптан тұрады. Мұндағы әр тарау, бап халықтың құқықтық санасын көтеріп, діни әрекет пен мәдениеттің сауаттануына зор нәтиже береді десек қателеспейміз. Бұл пікірді біз жалаң сөз, жалпақ тілмен ғана емес, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың соңғы екі жылдағы жұмысына сүйеніп айтып отырмыз. Әрине, қыруар жұмыс, сан түрлі шараны бір мақаланың көлеміне сыйғызып айту мүмкін емес. Дегенмен, аталмыш басқарманың жанынан ашылған Дін мәселелерін зерттеу орталығы, Оңалту орталықтары мен Республикалық дінді зерттеу институттары, кезінде құрылған Дін істері агенттігі, өз алдына жеке министрлік, департаменттер, облыстардағы орталықтардың жұмысы белгілі бір жүйемен, яғни, заңмен жүзеге асатыны белгілі.
Әрине, жаңа құрылған министрлік, ашылған агенттік, діттелген департаменттің дүниеге келуімен ғана заңның нәтижесін айту аздық етсе керек. Ең бастысы осы заң қоғамға, халыққа, мемлекетке не берді? Қандай нәтиже шықты? Қай үлгіні мысал ете аламыз дегенге келсек, «Діни қызмет пен діни бірлестік туралы» заңның негізінде елге қауіпті, халыққа зиянын тигізетін жат ағымдардың әрекеттері шектеліп, теріс діни ұйымдарға тиым салынды. Осы шектеу мен тиымның арқасында талай қауіптің алды алынды, көпшілік тұзақтан, арбаудан, алдаудан аман қалды деуге толық негіз бар. Жат ағымға ілескен жалпы жұрттың адасушылығы сейілді.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, кейінгі екі жылда қайбір жылдардағыдай Сирия асып, Ирак жерін басып, жалған жиһадқа ілесіп кеткен бірде-бір заң бұзушылық тіркелмеген. Бұл осы заңның нәтижесі десек болғандай. Ал нақты мысал десеңіздер, оны да келтіруге болады. Айталық, елде ресми түрде көптеген экстремисттік және террористік ұйымдардың қызметтеріне тыйым салынған. Олардың қатарына «Әл – Каида», «Өзбекстаннның исламдық қозғалысы», «Шығыс Түркістанның исламдық партиясы» және т.б. жатады. Ал, Қазақстандағы белгілі экстремисттік ұйым «Хизбут – Тахрир» еді. Аталған заңның шеңберінде елге қауіпті, мемлекетке залал келтіруі мүмкін осы және осындай зиянды ұйымдар мемлекеттің батыл қадамының нәтижесінде аласталды.
Бұл дегеніңіз елдің қауіптілігі біршама сейілуіне себеп болды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің арасандығы байланыс нығая түсті, ең алдымен, саяси – діни экстермизмге, терроризмге қарсы күресте ынтымақ пайда болды. Толеранттық сипатты арттыру мақсатында ұлттық шыдамдылыққа негіздеп тәрбиелеу, дін және саяси экстремизм мен терроризм идеологяиларын қабылдамауға тәрбиелеу, осыған байланысты түрлі шаралар жүзеге асты. ҚР халықаралық этноконфессионалды саясаты жетілдірілді және сеператизм мен терроризммен байланысты исламның экстреминалды ағымымен күрестің маңыздылығын жастар сезінді, ұқты. Дінтанушы мамандардың діни экстремизмге қарсы алдын алу жұмысы күшейді.
Біздің халықтың рухани байлығына, дәстүріне кең түрде насихат жүргізілді: патриотизм, сенімділік, болашақ ұрпақтың тағдырына деген жауапкершілік сияқты мәселелерді қарастыратын жастар арасында көптеген акциялар, ток-шоулар, жүздеген дөңгелек үстелдер өткізілді.
Қорыта айтқанда экстремизм мен терроризмнің психологиялық, экономикалық, ақпараттық, экологиялық, компьютерлік сынды тағы басқа бірнеше түрі барынан барша жұрт мәлімет алып, хабардар болды. Адасқан азаматтар қайтадан үйіріне қосылды. Бармақ шайнап, өзегі өртенген қаншама тағдыр қателескенін мойындады.
Түйіндей келгенде ҚР Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңының бергені мол, нәтижесі зор болды десек қателеспейміз. Дін саласындағы түйткілді түйіндердің осы заңның шеңберінде шешілгенін сауатты жан біледі. Ел игілігі үшін қабылданған заң халыққа жұмыс істей береді. Оған сенім мол!
Еділ АНЫҚБАЙ