Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Екі жыл жазықсыз түрмеде отырған ер адамға 28 млн теңге өтемақы төленеді

16 млн теңгені жымқырды деп айыпталып, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Екі жыл жазықсыз түрмеде отырған ер адамға 28 млн теңге өтемақы төленеді
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде екі жыл түрмеде отырып, артынша ақталып шыққан топ-менеджер бостандыққа шыққаннан кейін моральдық өтемақы ретінде 90 млн теңге талап етті. Сот оның талаптарын ішінара қанағаттандырды деп хабарлайды Paryz.kz, Диапазон-ға сілтеме жасап.

Еске салсақ, 2018 жылы қара металл сынықтарын жинайтын компания филиалының басшысы 16 млн теңгені жымқырды деп айыпталып, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Жоғарғы Сот қылмыстық істі қарап, бірінші сатыдағы сот оның құқығын бұзғанын анықтады. Сондықтан істі Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасына жаңа сараптамаға жіберді. Бұл жолы сот мүлдем басқа шешімге келді: сотталушының әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды.

Ақталған Ардақ К. сот арқылы мемлекетке моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етті.

Оның айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы басшылық қызметтерде жұмыс істеп, коммерциялық қызметпен айналысқан. Үлгілі отбасылы адам үш баласын тәрбиелеп отырған. Ол жасамаған қылмысы үшін ұстап, оның абыройына нұқсан келтірді. Осылайша, Ардақ мемлекеттен моральдық өтемақы ретінде 90 млн теңге талап етті. Ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін адвокаттарға 3,5 млн теңге төлеген. Ардақ мемлекеттен осы соманы да өтеуді сұрады.

Сот оның талаптарын ішінара қанағаттандырды.

Сот Қаржы министрлігінен талапкерге моральдық зиянды өтеуді, сот шығындарын және жоғалған кірісті қамтитын 28 млн теңгені төлеуге міндеттеді.