Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Атырауда білім бөлімінің басшысы мұғалімді желідегі жазбасы үшін сотқа берді

Бастауыш сынып мұғалімі өзінің үстінен жазылған арызды басшылық тарапынан жасалып жатқан қысым немесе жала жабу деп есептейді. 

Атырауда білім бөлімінің басшысы мұғалімді желідегі жазбасы үшін сотқа берді
фото: ашық дереккөз

Атырау облысында білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева әлеуметтік желідегі жазбасы үшін мектеп мұғалімі Жанаргүл Шарғабаеваны сотқа берді. Оған ұстаздың "Марапатқа лайықсыздар лайық па?" деген сөзі ұнамай қалған деп хабарлайды Paryz.kzExpress Qazaqstan сайтына сілтеме жасап. 

Атырау облысы Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева Құлсары қалалық №7 орта мектептің мұғалімі Жанаргүл Шарғабаеваның үстінен полицияға арыз түсірген. Арызда Facebook әлеуметтік желісіндегі пост оның абыройына нұқсан келтіргені туралы жазылған.

Әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы себепсіз әрі негізсіз жала жауып, абыройыма нұқсан келтірді, - дейді Айбарша Қақпанбаева.

Жанаргүл Шарғабаева өзінің Facebook парақшасында министрлік, Білім басқармалары, әкімшілік пен мәслихат марапатына мектеп әкімшілігі ұсынған үміткерлерді емес, аудандық білім бөлімі немесе қолында билігі бар адамдар өз таныстарын ұсынатынын жазған.

Бұрын ұсынған қызметкерлер кезегі келген кезде марапат алатын еді. Қазір кезексіз алатын болды. Біздің ауданда да сондай жағдай. Директорларға "пәленшені марапатқа жазып жібер" деген тапсырмалар келіп жатыр, - деп жазады Шарғабаева.

Бастауыш сынып мұғалімі өзінің үстінен жазылған арызды басшылық тарапынан жасалып жатқан қысым немесе жала жабу деп есептейді. 

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаеваның айтуынша, мұғалімдерге марапат беруді тек өзі шешпейді екен.

Арнайы комиссия құрылып, лайықты ұстаздарды таңдап аламыз. Мен сол комиссияның төрайымымен. Оның айтқан сөздерімен келіспеймін, сондықтан сотқа арыз түсірдім, - дейді Қақпанбаева.