Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Жат ағымның кесірі тимесін десеңіз

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы деструктивті жат ағымдардың әрекеттері, олардың уағызшылары, оқитын кітаптары, сыртқы көріністері, айтатын уағыз түрі деген секілді т.б. белгілеріне байланысты жеке-жеке тоқталып, жан-жақты форматта халыққа түсіндіріп келеді. Бұл жолы  осы айтылғандардың жиынтығын ұсынып отырмыз. 

Жат ағымның кесірі тимесін десеңіз
Фото sn.kz сайтынан алынды

Деректерге сүйенсек деструктивті топтардың алдауына арбалып, жетегінде кеткендердің саны жиырма мыңнан асып жығылады екен. Біріншіден кез келген нәрсеге бейімдеуші болуға тиіс екендігі белгілі. Бейімдеуші деп жат ағымның ұстаздарын айтып отырмыз. Олар кімдер?

Ділмұрат Махаматов. Лақап аты – әбу Мухаммад. 2018 жылы Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадацияланған. Қылмысы үшін 8 жылға сотталған.

Абдулхалил Абдулжаббаров. Лақап аты – шейх Халил. Бұл да қылмысы үшін 8 жылға сотталған.

Октам Зауырбеков. Лақап аты – әбу Абдурахман. Заңсыз мисионерлік әрекеттері үшін 4 жыл шартты жазаға кесілген.

Қуаныш Башпаев. Лақап аты – Абдуррахим әбу Ибрахим. Қылмысы үшін 5 жыл бас бостандығынан айрылған.

Жоғарыдағы жат ағымның жетегінде кеткендердің адасуына себепші болған осы аталғандар. Деструктивті топ серкелері түрмеге түскенімен, олардың «ошағы» түбегейлі жойылды деп айту қиын. Өйткені жат ағымдардың тамыры тереңде жатыр. Сыртпен, үлкен күштермен байланысы бар екендігі мәлім болған және оның артында мол қаржы көзі тұрғандығын арнайы мамандар айтып жүр. Демек, әлі де өз мүдделерін іске асыруға байланысты уағыз жүргізе қалған жағдайда бұлардың аты аталып, істері үлгі етілуі әбден мүмкін. Яғни, осы аттар естілгенде тұзаққа ілінген адам ес жиып, іш тартар бәлкім, жат ағымның құрбаны болмас деген үміттеміз.  

Деструктивті топ өкілдері қандай кітаптар оқиды?

Деструктивті тәлімнің ең басты оқулығының бірі  (Әл-Усул әс сәләса) «Үш негіз» деп аталады. Одан кейінгі кітап (Әл Қауағид  ал-арбаға) «Төрт қағида» болса, келесі біреуі (Китаб ат Таухид) «Таухид кітабы». Бұл кітап жат ағымның ақидаға байланысты оқытылатын басты кітабы деуге болады. Алдыңғы аталған оқулықтарға қарағанда көлемді және көп мәселе қамтылған. Қазақ және орыс тіліне аударылған. Соттың қаулысымен аудиожазбасын тыңдауға, кітапты оқуға тиым салынған. Сонымен қатар, жат ағымның жаппай оқитын, дұрыс бағыттағы мұсылманды теріске бұзатын тағы бір кітаптың атауы «Пайғамбар намазының бейнесі» деп аталады. Бұл кітап шынайы ислам ғұламаларының қатты сынына ұшыраған. Мұның ішіндегі айтылғандардың негізсіз екенін дәлелдеп, адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шынайы бейнесін қарапайым мұсылман баласы бұрыс түсініп қалмасын деген ниетпен бұл кітапқа қарсы бірнеше еңбек жазылып, арнайы дәрістер оқытылған.

Байқап отырғаныңыздай  жат ағымдар өздерінің жұмысын кешенді түрде жүргізеді деуге болады және жазылған кітаптарі исламды тану үшін жазылған шынайы кітаптарға қарсы келеді. Мұсылманның қағидасы, мұсылманның негізі, таухид деген мәселелер исламда бар. Ол белгіленіп, айтылып, бекітіліп қойған. Ал жат ағымдардың мақсаты сол түсінікті бұзу, момын мұсылманды адастыру екені көрініп-ақ тұр.

Осы жерде өздерін Құран мен Сүнетті ұстанамыз деп жүрген жат ағым мен классикалық исламның айырмашылығына тоқталу маңызды. Айталық деструктивті ағымды ұстанушылардың сыртқы бейнесіндегі бір белгі – қауға сақалы, балағы қысқа шалбары. Бір ескере кететін жайт, жат ағымдардың  сыртқы бейнесі жаппай әлем бойынша айтылып жатқанда олар сыртын өзгерте салуы ғажап емес. Олардың мақсаты бүлдіру болғандықтан, кез келген әрекетке бара береді. Онсыз да жігіт көркі сақал деп мұртсыз сақал қойған, жат ағымға он қайнаса сорпасы қосылмайтын жігіттерге күмәнмен қарайтын жағдайға жеткеніміз рас. Бұл тұрғыда олар өз діттегеніне жетті. Біздіңше, жат ағым өкілдері сақалдарын алып, балақтарын ұзартып, көзге түспей-ақ өз миссиясын атқарып жүруі бек мүмкін... Дегенмен күтімсіз қаба сақал, қысқа балақ жат ағымның еркектеріне тән сыртқы бейне. Ал әйелдері негізінен көзінен басқа жерінің бәрі тұмшаланған қара киім – нихаб  киеді. Бұлай киіну біздің табиғатымызға және салт-дәстүрімізге қайшы.

Түсініктері қандай?

Төрт масһабты мойындамайды. Әбу Ханифа масһабына тіл тигізеді. Намаз оқымайтын адамдарды кәпір деп санайды. Ислам ғұламаларын ғайбаттайды. Үнемі мешіт имамдарымен салғыласады, олардың айтқандарын теріске шығарады. Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасына тіл тигізеді. Сонымен қатар, шариғатқа сай, Құран мен хадистің сүзгісінен өткен қазақы дәстүріміз: беташар, тұсаукесер сияқты ұлттық ерекшеліктерімізге құрметсіздік танытады, атқаруды харам деп санайды.

Біліп жүретін нәрселер осылар. Енді ескеретін жайттар бар. Олар: Діни сұрақтарыңызды мешіт имамдары мен теологтарға ғана қойыңыз. Діни ақпараттарды ресми сайтардан (azan.kz, muslim.kz, kazislam.kz) алыңыз. Бұл сайттар ҚМДБ-мен бірлесіп жұмыс жасайды. Діни әдебиеттерді арнайы рұқсаты бар сауда нүктелерінен сатып алуға болады және ҚМДБ сараптамасынан өткеніне көз жеткізіңіз. Мүфтият бекіткен діни уағызды тыңдаңыз.

Қауіптен сақтану айтылғанға мән беруден басталады. Сақ болайық! Сақтанайық!

                                                           Еділ АНЫҚБАЙ