Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Журналистер БАҚ өкілдерін Парламент пен Үкіметке кіргізуге үндеді

Ашық хатқа 20-дан астам жаңалықтар сайтының қызметкері, баспасөз қорғау ұйымдары, тәуелсіз журналистер мен фрилансерлер қол қойған.

Журналистер БАҚ өкілдерін Парламент пен Үкіметке кіргізуге үндеді
фото: ашық дереккөз

Журналистер қауымдастығы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, БАҚ өкілдерін Парламент пен Үкімет ғимаратына кіргізуге үндеді. "Құқықтық медиа орталық" қорының сайтында жарияланған хат авторларының жазуынша, 27 қыркүйектен бастап Қазақстанда көп адам жиналатын шара өткізуге рұқсат етілген. Алайда журналистер мен БАҚ өкілдеріне қатысты ереже өзгермеген деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосы"-на сілтеме жасап. 

Хат авторларының айтуынша, Парламент пен Үкімет сол күйі жабық, ал онлайн-конференцияларда журналистердің сұрақ қою мүмкіндігі шектеулі, ал жазбаша сауалдарға әдетте жауап келмейді немесе ресми жауаптар қажетсіз ақпаратпен толтырылады. 

Қалыптасқан жағдай біздің кәсіби құқықтарымыз мен қызметімізді, сонымен бірге азаматтардың ақпарат алу құқығын едәуір шектейді. Біздің ойымызша, бұл сөз бостандығы туралы Конституцияның 20-бабы, БАҚ туралы заңның 2-бабы, сонымен қатар Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң баптарына қайшы. Одан бөлек, бұл мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсетуі тиіс "еститін үкімет" концепциясының приниптеріне түбегейлі қайшы. Журналистерді парламент пен үкімет ғимаратына кіргізбеу сөз бостандығы және ақпарат алу құқығы бойынша халықаралық нормаларды бұзады, - делінген хатта.

Ашық хатқа 20-дан астам жаңалықтар сайтының қызметкері, баспасөз қорғау ұйымдары, тәуелсіз журналистер мен фрилансерлер қол қойған.

Бұған дейін президентке жазған хатында медиа қауымдастық шенеуніктердің карантинді пайдаланып, журналистерге жауап беруден қашқақтайтынына шағымданған еді. 

Биыл жыл басында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистерді аккредитациядан өткізу ережесіне өзгеріс енгізген. Баспасөз қорғау ұйымдары аталған ережені сынап, "елдегі сөз бостандығын онан сайын нашарлатып жібергенін" айтқан. “Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.