Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Оқулық авторлары балаларды өлімге "итермелеп" жатыр: БҒМ жауап берді

Ата-аналар бұл жағдай шектен шыққандық екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Оқулық авторлары балаларды өлімге "итермелеп" жатыр: БҒМ жауап берді
фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде 1-сыныпқа арналған көмекші құралдағы "Өл" сөзіне байланысты дау туды деп хабарлайды Paryz.kz.

Балақайларға әлден-ақ жаман сөз "үйрететін" бұл дәптер "Менің алтын жазу үлгім" деп аталады екен. Авторы - С.Трофимова. Ата-аналар бұл жағдай шектен шыққандық екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Мұндай жағымсыз сөзді балаға жаздыртудағы мақсат қандай екенін сұрайды. 

"Өлі несі? Басқа сөз таппағанба?", "Жүре берсең көре бересің" деген осы болар", "Өс, өн десе де болады ғой", "Масқара, осыны қадағалайтын органдар қайда қарап отыр?" - дейді қолданушылар.

Дегенмен Білім және ғылым министрлігі бұл сорақы жайтқа қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері бұл жазу дәптері бекіткен мектептерге арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізбесіне енгізілмегенін хабарлады. Сондай-ақ дәптер мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

ҚР "Білім туралы" Заңына және Білім және ғылым министрінің 24.07.2012 жылғы № 344 бұйрығына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана сараптамадан өткізіледі. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз - оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас. Бұдан басқа оқу басылымдары мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін сараптамаға қабылданбайды, - делінген министрлік жауабында.

Бірақ, ведомство мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұндай жазу дәптері сияқты қосымша оқу басылымдарын таңдау құқығы берілгенін айтады. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің 19.01.2016 жылғы № 44 бұйрығының 38-тармағында айтылған екен.

Сондықтан мұндай оқу басылымдарын сатып алмастан бұрын олардың сапасына, мазмұнына, қажеттілігіне ұйымның педагогтері мен әдістемелік бірлестіктері мұқият қарауы қажет.