Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Салт-дәстүр – радикализмге қарсы антивирус

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жан-жақты жүргізген жұмыстарын сараптай келе, жалпы халық жат ағым дегендер кімдер? Олардың бағыттары қандай? Олардан қайтып сақтану керек дегенді біршама біледі, хабардар деп есептейді. Бұл жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Салт-дәстүр – радикализмге қарсы антивирус
Фото ©Нұрғиса Елеубеков

Иә, еңбек бар жерде нәтиже бар. Нәтиже тағы да өсуді қажет етеді. Адам өскен сайын сұрақ та күрделенетіні заңдылық. Мысалы: экстремизм мен терроризм исламмен қалай байланысып кетті? Оның бастауы қалай болды? Тарихы қайда? Бұл сұрақтардың жауабын білу, түсіну, сараптай алу халықтың саяси мәдениетінің, діни сауатының біршама деңгейге көтерілгенін білдірсе керек. Айталық адам белгілі бір нәрсеге ден қойса, міндетті түрде даму басталады. Құдайдың жаратуы солай. Егер санаға жақсы ақпарат құйылса, адамның жаны жылынады, көңілі көтеріледі, рухы артады. Ал жалған ақпарат, керісінше, адамды кемшілікке итермелейді. Сол сияқты жақсы нәрсені қаралау да адамның өз қолында, жаман нәрсені ақтау да солай. Асыл дін – ислам осындай қолмен қаралауды бастан кешіріп отыр. Ол сыртқы күштің ықпалымен жасалуда. Бұл зерттелген, дәлелденген дүние. Анығырақ көз жеткізу үшін арнайы маманның сөзіне құлақ түріп, зейін қойғанымыз абзал.

Исламтанушы Рауан Жұмабайұлы:

«Экстремизм сөзі исламмен ғана байланысты емес. Оның алдында болған. Көне тарихы бар. Ол тек дінге ғана қатысты деп қателеспеуіміз керек. Әр саладағы шектен тыс шығуды экстремизм деп атайды. Енді экстремизмді неге дінмен, исламмен байланыстырады дегенге тоқталайық.      

ХХ ғасырда адамзат өмір сүрді ғой. Ол кезде үлкен-үлкен державалар болды. Арасында бір-бірімен соғыс болды. Америка мен совет өкіметі бақталасты. Германияның  әлемді жаулағысы келгенін көпшілік біледі. ХХ ғасырдағы саясаттың даму  бағыты сондай еді. Алайда ХХ ғасырдың аяғында демократиялық түсінік келді, толеранттық ой пайда болды. Халықтың санасы өзгере бастады. Бір патшаның басқаруынан шығып, еркіндік пайда болды. Қысқасы диктаторлық бақылау әлемде жарамсыз бола бастады. Жалпы психология өзгерді. Содан әркім өзінің мүддесін, бағытын жүргізгісі келді ғой. Бір инструмент, яғни құрал керек болды. Қандай құралды пайдаланамыз деген сияқты. Айталық қаржы құрал бола алады. Мәселен бір адам идея тастайды. Біз әлемге ықпал ету үшін, өзімізге қажетті нәрселерді игеру үшін, соған байланысты заң қабылдату үшін жау табуымыз керек дейді. Жау бәріне ортақ болуға тиіс және бәрі қорқатындай болуы керек дейді. Бәрі қорыққан кезде біз шиеленістеріміз дейді де тоқсаныншы жылдары бәріне ортақ жау іздей бастайды. Мәселен тоқсаныншы жылдары әлемде Ауған соғысы болды. Сөйтеді де әлгі әлеуметтанушылар, сарапшылар әлемге Ауғанды жау етіп көрсетейік дейді.  Былай қарасаңыз Ауғанстан кішкентай ғана жер. Бәлкім одан ешкім қорықпайды да, мәселен ірі-ірі державалар...  Содан олар Ауғанның тұрғындары кім дейді. Тұрғындары – мұсылман. Сол жерде ислам дінін әлемге жау етіп көрсету деген идея туындайды. Сөйтіп ислам экстремизмі деген термин сол тоқсаныншы жылдары жаппай қолданысқа ие болады. Өтіріктен жарылыс жасайды, сақалдыларды, яғни ислам форматындағы адамдарды көрсете бастайды. Бұзақылықты солармен байланыстарады. Осылайша ортақ жауға байланысты неше түрлі құйтырқылармен халықты үркітіп, қорқытуды бастап кеткен болатын Халықты дүрліктіру, қорқыту оңай ғой негізі. Меніңше, халықты экстремизм мен терроризмді исламға жабыстырып, үркіту отыз жыл бұрын басталды деп ойлаймын. Бұл исламға жала жабудың бір жағы. Екінші жағы ислам ақиқат діні болғаннан кейін теріс жолдағы адамдар, жүйелер  ақиқаттан қорқады. Дамып кетуден қорқады. Сондықтан күшік кезінде талап тастау деген сияқты ойға келеді. Етек алып, жайылып кетпес үшін ХХ ғасырда өзі қысылып тұрған исламды одан әрі төмпештей берейік деген ой болуы мүмкін. Экстремизм, терроризм, радикализм деген атпен әлемде көптеген жарылыстар болды, бірақ олардың ешқайсысының исламға қатысы жоқ. Бұл дегеніңіз белгілі бір топтың бағдарламасы, жобасы ғой. Сол жұмыс істеп кетті. Олар діттеген мақсаттарына жетті ме, жетпеді ме белгісіз. 

Ислам дегеніңіздің мағынасы бейбітшілікке келеді. Ал экстремизм мен ислам мүлде кереғар дүниелер ғой. Ақылға сыймайды. Алайда БАҚ дейміз ғой. Осы БАҚ өз жұмысын істеді. Олар исламды қаралауды адамдардың миына құя берді, құя берді. Соңғы 20-30 жылда тәрбиеленген жас ұрпақ шынымен сеніп қалды. Исламды асыл дін екенін білетін үлкендер олардың ақпаратына бір ауыз сөзбен оттамасын десе, кейінгі жас буын ойланып, күмәнданып  қалады. 20-30 жыл бойы ислам мен экстремизмді ұштастырып төпелей бергеннен енді ол теріс нәтиже беріп жатыр. Қысқаша осылай. Экстремизм, терроризм, радикализмнің исламға еш қатысы жоқ. Енді осы саяси радикализм болсын, діни радикализм болсын, мейлі басқа радикализм болсын бұған қарсы тұратын иммунитет не? Ол салт-дәстүр. Мұны зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр. Қазақтың салт-дәстүрі ғасырлар бойы Құран мен сүннеттің елегінен өткен, қазақы ұлттық құндылық коды сақталған. Осы салада жүргендіктен, бұл анық тұжырым. Көбіне радикализмге ұрынатындар «городской типаж» дейміз ғой, яғни атасы мен әжесінің тәрбиесін көрмегендер, қазақы базасы әлсіз адамдар. Салт-дәстүр –  радикализмге қарсы антивирус. Салт-дәстүрге қарсы шығатындар жүз пайыз радикал. Сондықтан салт-дәстүрімізге, қазақы мәдениетімізге қатты көңіл бөлейік».

Иә, бүгінгі біздің басты проблемаларымыздың бірі де бірегейі осы тіл, діл, салт-дәстүрімізден алшақтауымыз. Мойын бұрмай, басқа құндылықтарға еліктеуіміз. Оның бәрі санаға құйылып жатқан ақпараттан. Ең бірінші әркім өз болмысын өзінің өзегіне тіреуі керек. Ұлттық өзексіз өркениетке ілесе алмайтынымызды ғұлама ғалымдар, әйгілі ақылмандар айтып, дәлелдеп кеткен. Өзіміздің данышпандарымызды тыңдағымыз келмесе, Америка, Еуропа ғалымдарының тоқталған тұжырымын қазақыландырып жеткізсек, былай болып шығады:«Белгілі бір ұлт өзінің ұлттық өзегінсіз прогреске жете алмайды». Бұл менің айтқаным емес, біздің еліктегіш бауыр-жерлестеріміз керемет көретін АҚШ-тың, Батыс ғалымдарының тұжырымдамасы. Ендеше біздің өзегіміз – қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, ділі, діні, әдебиеті, мәдениеті, өнері. Ақиқаттың тірелер жері осы. Ақиқатты іздесеңіз қазақылыққа мойын бұрыңыз. Бұл сізді биікке көтеретініне сенеміз. Сіз де сеніңіз!

                                                        Еділ АНЫҚБАЙ