Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Атырауда коронавирус жұқтырған емхана қызметкерлері өтемақы ала алмай дал

"Біз өтемақы алуға екі рет құжат тапсырдық. Екеуінде де себебін түсіндірместен бас тартты. Бұл әділетсіздік қой", - дейді емхана тіркеушісі Мария Қонарова.

Атырауда коронавирус жұқтырған емхана қызметкерлері өтемақы ала алмай дал
фото: azh.kz

Атырауда пандемия кезінде жұмыс істегені үшін әлі күнге дейін өтемақы алмаған №1 қалалық емхананың 30-дан астам қызметкері емханада жиналды. Олардың айтуынша, екі мәрте құжат тапсырғанымен, Денсаулық сақтау басқармасы өтемақы төлеуден бас тартқан, деп хабарлады paryz.kz, "Ақ жайық" басылымына сілтеме жасап.

Емхана тіркеушісі Мария Қонарова – пандемия кезінде коронавирус жұқтырған ең алғашқы медицина қызметкерлерінің бірі. Ол қауіпті дертті емханаға келген науқастардан жұқтырғанына сенімді. Алайда, әлі күнге өтемақысын ала алмай жүр.

"Мен өзім көпбалалы анамын. Коронавирусты тексерген тест оң нәтиже көрсетіп, оған қоса пневмония диагнозы қойылды. Ауруханада емделіп шықтым. Карантин кезінде емханамыз жабылған жоқ. Кейбір әріптесіміз ауырса да, емделіп алып, жұмысқа қайта шықты. Біз өтемақы алуға екі рет құжат тапсырдық. Екеуінде де себебін түсіндірместен бас тартты. Бұл әділетсіздік қой. Бұдан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құжат қабылдаған қызметкерлері бізден: "Қашан, қай жерде жұқтырып алдыңдар?" деп сұрайды. Осы сұраққа жауап беру мүмкін бе өзі?" - дейді ол.

Ренгенолог Азамат Әділбекұлы пандемияның алғашқы кезеңінде 200-ге жуық науқасқа, соның ішінде әріптестеріне де "пневмония" диагнозын қойған.

"Мені ауыстыратын екінші рентгенолог ауырып қалып, мені жұмыстан жіберген жоқ. Екі күн дене қызуым 39 градус болса да, жұмыста жүрдім. Компьютерлік томография нәтижесі бойынша пневмония болсақ та, қызметімізді атқара беруге тура келді. КТ-ға өз әріптестерімді де түсірдім. Қажет болса, көбінде пневмония болғанын дәлелдей аламын", - дейді рентгенолог.

Мамандардың айтуынша, 65 мың адамға қызмет көрсететін қаладағы ең үлкен емханада 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың көбі коронавируспен ауырып шықты.

"КТ-ға түсіп шыққан қорытындылардың бәрі бар. Ковидке тапсырған анализ оң нәтиже көрсетті. Енді не керек боп тұр? Әлде, өліп қалуымыз керек болды ма? Өздері емес пе, бізді блок бекетке қойған!" – дейді мейірбике Балжан Төлегенова.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхан Байдуалиев жиналғандарды арнайы комиссия шешімімен таныстырды.

"Өтемақы заң шеңберінде комиссия шешіміне сәйкес төленеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне тексеру нәтижесі бойынша өтемақы төлеу туралы денсаулық сақтау және еңбек министрліктерінің біріккен бұйрығы бар. Дәрігерлерге өтемақы осы ережеге сай төленеді. Алайда, сол бұйрыққа жақында енгізілген өзгерістерге байланысты, дәрігерлердің құжаты қайтадан комиссияға беріліп, қазір қаралып жатыр. 27 материалдың 9-ына төлеу туралы шешім қабылданды. Негізінен мобильді топта жұмыс істемегендерге өтемақы төлеуден бас тартылды", - дейді Байдуалиев.

Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлерінің еңбекақысына коронавируспен күрес кезінде қосылған үстеме ақы уақытында төленгенін мәлімдеді. Ал медиктердің өзі еңбекақыны уақытында алмағанын айтып отыр. Емхана қызметкерлері дифференциалды төлем мен сыйақылардан да қағылған.

Оны басшылық №1 емхананың есепшотынан түсініксіз жағдайда 70 млн теңгенің жоғалуымен түсіндірген. "Бұл электронды алаяқтардан келген іс, тергеу жүріп жатыр", - деп мәлімдеді Байдуалиев.