Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

Оралда мектеп кеңейіп, үш ауысым жойылды

Өткен оқу жылының соңында Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернаты таратылған болатын.

Оралда мектеп кеңейіп, үш ауысым жойылды
Фото: Жұбан Мұрат

Соның қасында орналасқан №20 ЖОББМ-ның бастауыш сынып оқушылары биылғы  оқу жылын осы ғимаратта бастады.

-Қала мектептеріндегі  үш ауысымды жою мақсатында №20 орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары осы ғимаратқа көшірілді. Бұған алғашында ата-аналардың наразылық тудырғаны рас. Өйткені мектептің айналасы жарықтандырылмаған еді. Жаяу жүргінші жолы, бағдаршам, жол белгілері де орнатылмаған. Оған қоса облыстық сауықтыру мектеп-интернатында туберкулезге шалдыққан науқастармен байланыста болған оқушылар білім алды. Бірақ бұл мектеп-интернатынан  ешкім туберкулез дертін жұқтырған жоқ. Бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мектеп ұжымының да, оқушылардың да денсаулығында кінәрат жоқ. Мұны ата-аналарға түсіндірдік. Он күннің ішінде мектеп ауласы жарықтандырылып, бағдаршам, жол белгілері орнатылды. Мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір  1-4-сыныптардың  930 оқушысы білім алуда. 67 мұғалім сабақ береді. Мұнда екі спорт зал бар. Асханасы кең. Ғимараттың іші жылы, жарық. Интернат ғимаратында мектептен тыс жұмыстар, үйірме курстары өтеді. Жаңа ғимаратқа көшу оқушылардың сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізген жоқ, - дейді №20 ЖОББМ-ның директоры Нұргүл Өтеғалиева.

Жұбан МҰРАТ