Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Маңғыстаудың жаңа әкімі өңірдегі қуаңшылық мәселесін шешуге асықпайды

Өйткені ауылдағы қуаңшылықтан зардап шеккен 400-ге жуық шаруаның жағдайын сұраған жан болмады дейді. 

Маңғыстаудың жаңа әкімі өңірдегі қуаңшылық мәселесін шешуге асықпайды
фото: uralskweek.kz

Қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалғанына 10 күннен асса да, Нұрлан Ноғаев шаруа қожалықтарына бармаған. Ал халық жаңа әкім келе сала шаруалардың жағдайымен танысатын болар деп күткендерін жасырмады деп хабарлайды Paryz.kz, 31 телеарнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының кей шаруалары әкімдіктен іс-әрекет болмаған соң, мал азығын жеткізуді өздері ұйымдастыруға кіріскен. Мәселен, Жыңғылды ауылындағы шаруа Әділбек Сағындық бүкіл ауыл үшін жем-шөпті басқа облыстардан сатып алып отыр. Өйткені ауылдағы қуаңшылықтан зардап шеккен 400-ге жуық шаруаның жағдайын сұраған жан болмады дейді. 

Біздің бұлай жасап отырған себебіміз - қазір үкіметтің ұсынып отырған жем-шөбі біздің тасытып отырғанымыздан қымбат. Ауыл шаруашылығынан ешқандай, ешкім келіп бізге осы уақытқа дейін жағдайларың қалай деп сұраған емес, – дейді шаруа Әділбек Сағындық. 

Қазір шаруалар Ақтөбеден бір орам шөпті - 12 500 теңгеден, бір қап жемнің ең арзанын Қостанайдан 1900 теңгеден сатып алып отыр. Өз жыртығымызды өзіміз жамап отырмыз деген халық, мәселені облыс әкімі өз көзімен көргені дұрыс деп санайды.

Облыс әкімі ауылдарға өз аяғымен келіп, өз көзімен көріп, өз құлағымен ауылдың мәселесін қазіргі таңдағы ауылдың қиыншылығын, шаруалардың жағдайын өз көзімен көрсе өте керемет болар еді. Себебі ол кісіге дұрыс, шынайы ақпарат жетіп жатыр деп ойламаймын, – дейді Әділбек Сағындық. 

Шаруа қазіргі уақытта жем мен шөптен бөлек, судың да проблемасы көп дейді.

Айтуынша, шаруа қожалықтарының маңына құдық қазу керек. Ал ол мәселе әкімге қалай жетіп жатқанын білмейміз деп отыр.

Дегенмен жұт жайлаған Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалғанына тура 13 күн болған Нұрлан Ноғаев шаруалармен кездесіп үлгермеген. Облыс әкімі Ноғаев оның орнына облыстағы баскетболшы әрі рэпер Самсон Аракелянмен, ақсақалдармен кездесіп, Ассамблеяда жиын өткізіп жүр.

Нақты шаруа қожалығына барған жоқпын, – деді ол. 

Осы мәселеге келе сала кіріспейтін болсаңыз, әкім болып қалай келдіңіз?

Басқа да мәселелер бар, жалғыз ауыл шаруашылығы емес. Менің түсінігімше, қандай шаруа болса да жүйелілік керек. Егер мен қандай да бір ауылшаруашылық кәсіпкердің объектісіне сол жерде малдардың қасында жүріп солармен сөйлеспесем, егер әлеуметтік желіде, теледидардан көрсетілмесе, ол айналыспай жатыр деген сөз емес”, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Облыс әкімі кабинетте отырып-ақ, жем-шөп жеткізуді, оны тасымалдау бойынша тарифті төмендету үшін жұмыс атқарып жатқанын айтты.

Малдың өлексесін көміп, залалсыздандыру бойынша да нақты қабылданған іс-шаралар негізінде мәселені шешім жатырмын, - деп қысқа қайырды әкім.