Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Білім алуға асыл дініміз тиым салмайды

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алуда халыққа неден сақтанып, қандай жағдайда не істеу керектігін үздіксіз түсіндіріп, айтып, ескертіп келеді. Осындай мақсатта ұйымдастырылған іс-шараның тақырыбы қыз-келіншек, әйелдердің білім алуына шынайы ислам қандай қағидалар ұстанатындығы сөз болды.

Білім алуға асыл дініміз тиым салмайды

Деструктивті діни топтардың қулығына құрық бойламайды. Құбылмалы құйтырқы әңгімелерін қисынын келтіріп соғады екен. Олардың көздегені әйел қауымын білімнен қашық ұстау. Неғұрлым білімсіз болған сайын айтқанға көндіру, алдауға ілестіру оңай екені белгілі. Өкініштісі содырлардың су өтірігіне алданып қалған  қыз-келіншек, әйелдер аз емес. Мәселен жат ағымдар әйелдің құқығын шектеп тастаған. Кішкентай бүлдіршін қыздарды тұмшалап, оқуға жібермей, тек құран жаттатып, одан қалса, бала бақтырып қана қоятын оқиғаларды мысалымен қоса бұған дейінгі мақалаларымызда жазған болатынбыз. Одан да сорақысы  әйел адам соғыста жүргендерге жыныстық жағынан көмектесіп, өліп кетсе, шаһид болатынын айтып,  жас қыздың санасын улап, миына құйып, Сирияға алып кеткенін естіген ел жағасын ұстаған. Шариғаттың шынайы қағидасын бұрмалап, талай бұрымдыларымыз содырлардың  талағы арқылы талауға түсті. Көкпар тартқандай бірі талақ деп тастаса, екіншісі оны негізсіз некемен өзіне әйел етті, одан үшінші, төртінші күйеуге шығып үлгерген қыздардың әңгімесін тыңдау құлаққа да, жүрекке де ауыр тиеді. Қолдан қолға өткен әйел заты кімнен жүкті болғанын білмеуі, тіпті, сорақы. Бұл жағдайға да жат ағымның өкілдері мұны «бір-біріне «бауырлық», жамағаттың жақын болуы» деп надандық ұстаныммен ақталады. Талақ деп тәлкек, неке деп жезөкшелікке итермелейтін деструктивті топ осындай оспадарсыз ойларын жүзеге асыру үшін де әйелдерді білімге жақындатқысы келмейтін секілді.

Деструктивті топтың әрекетіне зейін салып қарасаңыз адамдыққа емес, қараңғылыққа жетелейді. Егер дінді білімнен алшақ етіп, қыз-келіншек, әйелдердің білім алуын шариғат бойынша қарсы деп қарастырған жағдайда бұл жалған ислам деп түсінуіңіз керек. Өйткені исламда білім алуға ешқандай қарсылық жоқ. Тек дін саласындағы мамандар ғана емес, көзі қарақты азаматтар Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты ОҚЫ  деп түскенін біледі. Осы тұрғыда сөзіміз дәлелді, ойымыз дәйекті болу үшін маман сөзіне кезек берейік. Исламтанушы ғалым Оралхан Рахметбекұлы:

Айша анамыз (р.а) көптеген хадистерді жеткізген. Әбу Хурайра деген хадис жеткізген сахаба болған. Кейбір деректерде Айша анамыз одан да көп хадис жеткізді деп айтады. Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдер білім алмасын десе, онда ол өзінің жарынан бастайтын еді. Бұл тұста заманның талабына сай кейбір мәселелер болған. Ислам тарихында бір уақыттар болды, мәселен, әйелдердің үйінде отырып намаз оқығаны. Намазға қатысты айтым отырмын, білім емес. Бүгінгі таңда әйелдердің мешітке келіп намаз оқығаны абзал деп айтар едім. Неге? Себебі үйінде намаз туралы толыққанды білетін  діни маман болмағандықтан, яғни, бес уақыт болсын, жұмада болсын, мешітке келсе, көптеген дұрыс ақпарат ала алады. Демек заманға қарай пәтуалар өзгеріп отырады. Сол уақыттарда олардың түсініктері сондай болса, бүгінгі көзқарас басқаша. Мысалы үшін тоқсаныншы жылдары «Талибан» ұйымы кітаптарды өртеп, әйелдердің білім алуына тиым салған кездері болды. Бірақ біз олар сөйтті екен деп, ислам соған шақырады екен деген ұғымға бармаймыз. Өйткені исламда әйелдер білім алмасын деген жоқ. Ислам тарихына қарайтын болсақ, Рәбиә Әдауия, Рәбиа Басрия, өзіміздің тарихымызда  Домалақ анамыз, Бегім ана сияқты көптеген әйел адамдар елге, қоғамға қосқан үлестері өте жоғары. Ал қоғамға үлес қосу үшін білім керек. Білім алуға дініміз тиым салмайды».    

Міне, дін қызметкерінің дәлелі. Ал түп тегіміздің өміріне, өзіміздің тарихымызға қарап отырсақ,  қыздарға, аналарға ешқандай шектеу қоймаған. Керісінше, қыз қонақ деп аялап алақанына салып, әлпештеп өсірген. Осы арқылы оның болашақ ана болатынын, ұрпақ тарататынын ескертіп, кішкентай кезінен тәрбиелеген. Бұл –  біздің халқымызға даналықпен дарыған дәстүріміз. Патшайым болған парасатты қыздар мен аналарымызды көптеп келтіруге болады. Білімсіз болса, патшайым болар ма еді?

Ұлы Далаға ислам келіп, бабаларымыз мұсылмандықты қабылдағаннан кейін де біздің ғибратты дәстүріміз діни қағидалармен жаңарып, қайта жаңғырған. Дінді қабылдағаннан кейін де тарих сахнасына шыққан талай салиқалы, ақылды, білімді аналарымызды білеміз. Арыға бармай-ақ, тұтас елге даналығымен танылған Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере сынды мысалдар діннің білімге қайшылығы жоғын дәлелдеп береді. Мәселен, Зере анамыз Абайдың әкесі Құнанбайды нәресте кезінде дәрет алмай емізбеген екен деген дерек бар. Бұл дегеніңіз нағыз білім иесінің әрекеті ғой. Мұндай мысал жетерлік. Ол үшін оқып, білімді толықтыру керек. Қорыта айтқанда шынайы ислам әйел затының білім алуына шектеу қоймайды. Әгәрәки, дін мен білімге шектеу қойылған әңгіме айтатындар кездесе қалса, абайлаңыздар. Сақтанайық! Сақ болайық!

                                         

Еділ АНЫҚБАЙ