Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында кешенді түрде жұмыс жүргізіп келеді. Қарапайым халықты қауіптен сақтандырудан бөлек дінтану мамандығының сұранысы, жас ұрпақтың діни сауатын көтерудегі мұғалімдердің рөлі жөнінде жан-жақты талқылау өткізді.
Жүз отыздан астам этностар мен диаспорлар өмір сүретін Қазақстанда ресми тіркелген он сегіз діни конфессия бар. Халықтың толеранттық қасиетін дамыту үшін әр азаматтың жалпы діндер туралы ең болмағанда бастауыш деңгейде білімі болғаны абзал. Бұл тұрғыда мемлекет орта мектепке дінтану факультетін кіргізген болатын. Бұл дегеніңіз оқушы мектеп жасынан бастап, жалпы дін дегеннің не екендігінен аз да болса хабардар болады деген сөз.
Бұл факультативтің нәтижесі қандай, сапасы нешік деген сұрақтарға мақала соңында нақты тоқталатын боламыз. Ал қазір әңгіменің әлқиссасын дінтану мен діни білім турасында маманның пікірін келтіргенді жөн көріп отырмыз. Н.Назарбаев орталығы «Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы» институтының «Дінтану сараптамасы» департаментінің директоры Рузия Исламқызы Камарова: «Егер біз діни білім туралы айтатын болсақ, діннің өз ішінде немесе конфессионалды білім деп атаймыз, солай деуге болады. Бұл белгілі бір діни мәдениетке ену, белгілі бір догматиканы зерттеу: дін психологиясы, антропология, әлеуметтану, философия тұрғысынан жан-жақты көзқарас және т.с.с.
Бізде діни қызметкерлерді даярлау кезінде христиандық пен исламның негізгі бағытында діни білім бар. Исламды алсақ, жоғары деңгейде - Нұр Мүбарак, орта арнаулы деңгейде – медресе, колледж. Христиандық шеңберінде діни білім, Алматы православие теологиялық семинариясы православие шіркеуіне діни қызметкерлер дайындайды. Қарағандыда католиктік төменгі епархия жоғары теологиялық семинариясы бар.
Олар католиктік шіркеуге дін қызметкерлерін дайындайды және бұл жерде біздің елдегі діни білім орта мектепте, зайырлы пәндер мен дінтану негіздерін оқу арқылы беріледі.
Әлемнің көптеген елдері зайырлылық принципіне негізделген. Бірақ бұл жалпы дінді жоймайды. Кез келген жағдайда адамдар ар-ождан бостандығын таңдай алады, олар сене алады. Діни білім зайырлы қоғамда қақтығыстарға түсуге емес, бір-бірі туралы білуге мүмкіндік береді» - деп бастаған департамент директоры Рузия Исламқызы Қазақстанда дінтану мамандығының алғашқы ашылған кезеңдеріне қарай ойысты: «Дінтану мамандығы ең алғаш Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық университетінде ең алғаш 2002 жылы ашылған. Бұл мамандықтың алғашқы түлектері бакалавриатты 2006 жылы бітіріп шықты. Ол кездері бұл мамандықтың немен айналысатынын көпшілік түсінген жоқ. Біз көбіне зерттеу жұмысымен, жобалармен айналысамыз. Мәселен соңғы екі-үш айдағы Қазақстан бойынша жүргізілген зерттеуімізде түрлі діни бірлестік өкілдерімен кездестік. Кездесу барысында дінтанушы мамандығының сұранысқа ие екенін білдік.
Әсіресе, исламтану мамандары елімізде жетіспейді. Мешіттерге білікті имамдар ,қоғамға теологтар керек және мемлекеттік қызметтерге дінтанушылар сұраныс тудыруда. Бұған біз аймақтарды аралағанда көз жеткіздік. Барлық жерде заманға сай, білікті мамандар отырған жоқ. Мысалы үшін мен 2002 жылдан 2019 жылға дейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Дінтану» кафедрасында дәріс жүргіздім. Иә, студенттердің сексен пайызына бұл мамандық ұнағанымен, барлығы өз саласы бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ.
Сонымен қатар бұл салаға гранттар түрлі сипатта бөлінеді. Өткен жылы республикалық жоғары оқу орындарына исламтану мамандығы бойынша екі жүздей, жетпістей дінтануға бөлінген. Ал биыл исламтану, дінтану және дінгеологиясы деген сәтсіздеу берілген жаңа атаумен қосқанда бәрі екі жүз грант бөлінді. Былтырғымен салыстырғанда грант азайып келеді. Дін геологиясы деген жаңа атау биыл пайда болды. Бұл туралы бізбен, яғни, мамандармен ешкім кеңескен жоқ.
Барлық бағыт бойынша 200 бакалавриаттан 70-80-і магистратураға, 15-20-сы PhD-ге іріктеледі. Бүгінде PhD-ге сұраныс өте жоғары.
Философия ғылымының кандидаты Рузия Исламқызы діни білім жөнінде өзі басқарып отырған зерттеулерге сүйене отырып, кейбір мәселелерге тоқталды және дінтану мамандарына бағыт-бағдар да беріп отырды: «Ең бірінші қай діннің болмасын тарихына назар аудару керек. Онсыз болмайды. Дін мен діннің байланысы, әр заманға қарай өзгерісі деген сияқты маңызды нәрселерге біз тарихсыз бара алмаймыз.
Мысалы үшін діни психологияны түбегейлі зерттеу үшін тарихқа соғамыз. Бұл күні діни психология қатты дамып кетті. Дегенмен діни психология туралы айтқан З.Фрейдтің ойларын оқымасақ, зерттеуміз толыққанды болмас еді деген сияқты. Дін социологиясын зерттеу үшін социология дегеніміз не дегеннен бастауға тура келеді. Осы тұрғыдан келгенде, жан-жақты зерттеу біздің елімізде жолға қойылып, дамып кеткен жоқ. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйенуге тура келеді.
Орта мектепте факультатив ретінде оқылатын арнаулы дінтану курсы бар. Жасыратыны жоқ бұл курсты оқу оқушылар үшін міндетті болғанымен, немұрайдылау көзқарастың бары тағы рас. Бұл факультатив бір жыл оқытылады, сынақ алынады, бірақ баға қойылмайды. Былтыр біз бірінші курс студенттері арасында дінтану мамандығының сұранысын анықтау мақсатында сауалнама жүргіздік.
Сонда студенттердің жартысынан көбі, яғни 60%-і дінтану курсын мектепте оқыған дұрыс деп, ал бестен бір бөлігі оқудың мүлде қажеті жоқ деп жауап берді. Меніңше, бұл факультативті дінтану курсынан өткен тарихшы мұғалімдер жүргізгені дұрыс. Өткен жылғы сауалнамада студенттердің 80%-і бұл факультативті тарихшы мұғалімдер жүргізгенін айтты, ал 20%-і тарихшы емес, әртүрлі пән мұғалімдерінің жүргізгенін жеткізді. Біз сауалнама жауабына, студенттерге сенеміз. Демек, орта мектептің бәрі министрліктің талабын орындап отырған жоқ деуге болады. Сонымен қатар студенттердің 20%-і бұл факультативтің орнына басқа сабақтар болатынын айтты. Мәселе осындай немқұрайлықтан, талапты орындамаудан туады ғой деп ойлаймын. Бұл тұрғыда біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне дінтану факультативінің сапалы оқытылуы жөнінде, арнайы кітап жазылуы жайында сұрағымызды, ұсыныс-тілегімізді жеткізген болатынбыз. Қажет болса, қайтадан жібереміз...
Сауалнама қорытындысын сараптай келе біз дінтану факультативіне оқушылар тарапынан сұраныс бар екенін және бұл факультатив оқушылардың толеранттық қасиетін дамытатынына көз жеткіздік. Адамдар дінтануды оқыған сайын, білген сайын басқа діндегілерді түсіне бастайды. Керек десеңіз дінге сенбейтіндердің өзі діндегілерді түсінетінін білдік. Бұл өте маңызды».
Иә, «Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы» институтының «Дінтану сараптамасы» департаменті директоры Рузия Исламқызы Камарованың пікірінен біраз жайтты аңғаруға болады. Әсіресе, орта мектептегі дінтану пәніне мән беру керек-ақ. Еліміздің болашағы, жастарымыздың діни сауаты үшін бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табарына сенеміз.
Еділ АНЫҚБАЙ