Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Той тоқтамасын!": Түркістан облысының кәсіпкерлері наразылыққа шықты

Кәсіпкерлер мобильдік топтың алатын арнайы "ставкасы" бар дейді. Оны төлегендер карантинге қарамастан, емін-еркін той өткізеді. Ал бұған көнбегендер айыппұл арқалайды дейді олар.

"Той тоқтамасын!": Түркістан облысының кәсіпкерлері наразылыққа шықты
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысындағы тойхана қожайындары тойды жасырын тойлауды доғарып, ресми ашу керек деп талап қойды. Айтуларынша, кейбір аудандарда аптасына бес күн той өткізетін тойханалар бар. Оларға тіпті мобильдік топтың да шамасы жетпейді екен. Сондықтан 150 адамға той жасауға арнайы рұқсат берілу керек деп есептейді деп хабарлайды Paryz.kz, 31 арнаның ”Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тойхана иелері "Салт-дәстүр өшпесін", "Жемқорлыққа жол жоқ", "Бізге жұмыс керек" және "Той тоқтамасын!" деген жазуы бар плакаттарды ұстап, облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар былтырдан бері кәсіптерінің тұралағанын айтып, тойханаларға жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрайды. Айтуларынша, той болса ыдыс жуушыдан бастап, сән салоны, азық-түлік пен көкөніс базарында сауда жүреді. Аспаздар мен даяшылар да табысты болады. Кәсіпкерлер мобильдік топтың алатын арнайы "ставкасы" бар дейді. Оны төлегендер карантинге қарамастан, емін-еркін той өткізеді. Ал бұған көнбегендер айыппұл арқалайды дейді олар.

Кафенің барлығы ашық. Түнгі клубтар ашық. Олар таң атқанша істеп жатыр. Неге осы, тек тойхана жұмыс істемейді? Әкім жемқор, участкелік инспектор жемқор, палатаның адамы жемқор, мобильді группада 5 адам келсе, 20 мыңнан 100 мың алып кетеді. Артында көкесі бар тойханалар жұмыс істеп жатыр, – дейді Келес ауданы тұрғыны Ұлболсын Рүстемова.

Жиналғандар алдына жауапты мамандар да жетті. Шенеуніктер облыстың бас санитарын осында шақыртыпты. 

Сіздерден көмек сұрап отырмыз. Тойханадан мемлекет ешқандай зиян шекпейді. Себебі біз қанша адамға жұмыс тауып беріп отырдық, – дейді Түлкібас ауданы тұрғыны Несіпкүл Медеуова. 

Тойхана иелері базарлар мен жүздеген адам сағаттап отыратын ұшақ пен кинотеатрлардың жұмысына неліктен рұқсат берілгенін түсінбейді.  

Той-томалақта адамдар көп отырады. Сол кезде адамға ауру жұғады. Ауа алмаспайды. Ал ана құдайы тамақ берген кезде сіз кіресіз, ниетпен келесіз, құран оқытасыз, тамақ ішеді де шығып кетеді. Мен өзім солай түсінемін, – дейді Түркістан облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.

Сондай-ақ бас санитар жасырын тоймен күрес жүргізілуде деді. Ал "тойхана ашылсын" деген кәсіпкерлер, талаптарын қағазға жазып қалдырды. Әкімдік тиісті мерзімде жауап болады деп сендірді. Бірақ шағым иелері "біз тойхана ашуға құзырлы емеспіз" деген жауаптылардың не деп жауап беретінін қазірден білеміз деп тарқасты.