Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Бозоқ қалашығы (Еуразиялық кеңістікте орналасқан елорданың ежелгі тарихы)

Кеңестік кезеңде халқымыздың тарихы мен мәдениетін кемсіту мақсатында айтылатын «көшпенділерде қала мәде­ниеті қалыптаспаған» дейтін түсінік болды.

Бозоқ қалашығы (Еуразиялық кеңістікте орналасқан елорданың ежелгі тарихы)

Елорданың батысы «Үркер» шағын ауданының солтүстік ірге қапталында Бозоқ қалашы­ғы­ның табаны жатыр. Бұл нысан­ға 1999 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен танымал археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік ғибадатханасы, ортаға­сырлық қалашық қыпшақ мұрасы, Алтын Орда кезеңінің қорымы анықталған болатын.

Кеңестік кезеңде халқымыздың тарихы мен мәдениетін кемсіту мақсатында айтылатын «көшпенділерде қала мәде­ниеті қалыптаспаған» дейтін түсінік болды. Бұл түбірімен қате ұғым. Соңғы жылдары отандық әлеуметтанушылар тарапынан, өркениет атаулыны тек отырықшы қоғаммен байланыстыру түбірімен қате деген пікірлер айтылып жүр. Академик-қыпшақтанушы Б.Көмеков: «Өркениет дегеніміз – мем­лекет, қала, жазу-сызу, руханият дейді. Ал көшпелі қоғамның болмысы жоғарыдағы төрт заңдылыққа сыймайды. Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам» дейді.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, апайтөс даламыздың қолат-қойнауында зерттелмей жатқан ежелгі қала мәдениетінің үлгілері қолға алынды. Соның бірі – елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының оңтүстік-батысына қарай бес шақырым қашықта орналас­қан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан туралы алғашқы мәлімет 1816 жылы Орталық Азияға сапар шеккен орыс офицері Иван Шангиннің жолжазбаларында кездессе, 1929-1930 жылдары өлкетанушы Л.Семенов ескерткішке алғашқы барлау жұмыстарын жүргізген.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 118-бетін­де: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соң­ғы ұрпағы қазіргі Қазақ­станның елор­дасы Астана деп есеп­теуге болады» деген өзекжарды тұжы­рымын айтып: «1820 жылы Ресей импера­торлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңірегінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқаруды зор құлшы­ныс­пен қолға алған академик Кемел Ақы­шев бастаған археологиялық экс­педи­ция қазіргі Астанадан он бес ша­қы­рым жерде жатқан қаланы қазуға кіріс­ті. Кейін анықталғандай, қаланың нағыз атауы Бозоқ екен. Ғалымдар қала­ның гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келе­тінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» деп жазған екен.

1

Елбасының жоғарыдағы пайым-пікірі соңғы жылдары қалашық аума­ғына жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде толық дәлел­деніп отыр. Нысанға 1999 жылдан бас­тап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археоло­гиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытынды есебіне қарағанда, Бозоқ ескерткіші хроно­ло­гия­лық тұрғыдан түрлі нысан­дар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадат­ханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қо­рымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт орта­ғасырлық мемлекеттік құрылымның тари­хын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қып­шақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған дәлел – стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қал­дықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқа Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағы­ның исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасыр­лар­да мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.

1

Бозоқ қалашығының ерекшелігі – далалық қала мәдениетінің үлгісі ретіне танылуы және бұдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған ерекше тарихи ес­керткіш ретінде сақталуы. Ескерт­кіш­ке жүргізілген археологиялық зерттеулер қалашық құрылысының тарихи хро­нологиясын анықтады. Ондағы қо­ры­тынды бойынша «VI ғасырда ежел­гі түркілер қуатты әскери мемлекет құ­рып, Өтукен даласынан батысқа қарай Ду­най­ға көшкен кезде VII ғасырда бұл терри­торияны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.

Есіл өзенінің аңғары Бұзықты көлі­нің шығыс жағалауында орын тепкен қалашықтың негізі құрылымы – 65х55 метр аумақты қамтыған, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекі­ніс тереңдігі 2-3, ені 3-5 метр бола­тын ормен қоршалып, сыртқы жағы­нан шикі кірпішпен қамал қабырға тұр­ғы­зылған. Бұл қамал қабыр­ға таба­ны­ның қалыңдағы шамамен 8, үстіңгі жағының ені 5, биіктігі 2-3 метр болғаны археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.

Сондай-ақ қалашықтың негізгі элементі – солтүстік алаңы. Оның ішкі плат­формасы ормен қоршалған. Көлемі 35x35 шаршы метр. Алаң бар­лық жағы­нан тығыз жабылып, ежелгі қоныс­қа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағын­да орналасқан. Қалашықтың компо­зи­ция­лық жағдайы мен дизайндық ерек­ше­ліктеріне назар аударған адам – сол­түстік алаң күллі бекіністің өзегі еке­нін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмы­сы жасалып, төменгі қабатынан ерте орта­ғасырлық ғибадатхананың қалдық­тары және адамның қаңқасы табылды. Қала­шық­тың келесі бөлігі оңтүстік алаң болса, ол да ені 3, тереңдігі 0,8-1 метр ор­мен қоршалған және платформасында қос қақ­паның сорабы сақталған, үшінші бөлік – шығыс алаң ішкі пайдалануға арналған.

Зерттеушілер пайымы бойынша, X ғасырда бұл жерге қыпшақ тайпалары өз қағандары үшін резиденция тұрғыз­ған. Өйткені бұл мекен геостратегиялық тұрғыдан Сарыарқаның кіндігі – солтүстік Сібір бассейні: Есіл, Сілеті, Шідерті, Нұра, Сарысу өзендері тармағында орна­­лас­қан. Яғни Бозоқ қалашығы – еура­зия­­лық кеңістікті игеру жолындағы қып­шақ­­тардың алғашқы ордасы болып табылады.

Ескерткіштің келесі кезеңі XIII – XIV ғасырларға жатады. Бұл Алтын Орда дәуірі. Бұл кезеңге хроно­ло­гия­лық тұрғыдан қазба барысында анық­талған тұрғын үйлер мен кірпіш күйді­ретін пештер жатқызылуда. Соны­мен қатар қорымдағы сәулеттік нысан­дардың әртүрлілігі (күйдірілген кір­піш­тен жасалған тікбұрышты кесене­лер) исламның далалық аймақ­тар­да таралуының алғашқы кезеңін айғақ­тай­ды. Оның сыртында, ескерт­кіш­тің солтүс­тік шетінде орналасқан көп­ка­мералы тұрғын үйлер XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың ортасына тән. Тұрғын үйлерді бұлай жоспарлау аналогы еліміздің оңтүстігі мен Орталық Азия сәулет өнерінде кездеседі. Әр бөлмеде биіктігі 20-40 см, ені 0,8-1,0 м болатын U тәрізді сазды суфалар мен мұржасы бар кірпіштен жасалған қабыр­ғаға бекітілген ошақ орналасқан. Қабыр­ғаларға тауашалар салынған. Тұрғын үйлер бөлмесінде керамика сынықтары, темірден жасалған заттар, тас диірмендер, балық сүйектерінен жасалған моншақтар табылды.

Сондай-ақ Бозоқ қалашығы – ирри­га­циялық құрылыс жоспары жасал­ған Орталық Қазақстандағы алғашқы ескерткіш. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жүйесімен жаб­дықталған диханшылық кәсіп айма­ғы анықталып отыр. Суару құры­лы­мы негізгі арнадан, бірінші, екінші тарат­қыштардан және білікшелер жүйесі­нен тұрған. Негізгі арна Бұзықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені бір, тереңдігі 0,3 метр. Мұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде игеруімен құнды. Қоймалар көктемгі су тасқыны кезінде суға толады. Жазда, қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған.

Қалашық сонымен қатар керуен жолдары түйілісінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын қоныс ретінде өмір сүрді. Бұған стационарлық, өндірістік және ирри­гациялық құрылыстардың қалдық­тары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактілер дәлел. Ал ХІV ғасырда Нұра-Есіл аймағының исламданған ақ­сү­йек­терінің рухани орталығы болып, мә­де­ни-мемориалдық кешендер салынды.

«Ең бастысы Бозоқ қалашығы – Қазақ­станның далалық аймағының ал­ғашқы ортағасырлық, соның ішін­де, шығыс Дешті-Қыпшақтың дала аймақтарын исламдандырудың ерекше­ліктерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр», дейді музей-қорықтың ғылыми хатшысы Айнагүл Ғаниева.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ерте дәуірде Ұлы далаға иелік еткен түркі-қыпшақтарға, одан кейінгі Алтын Орда дәуіріне ортақ нысан «Бозоқ» қалашығы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен бой көтерген елорданың еуразиялық кеңістігіндегі ежелгі ізі екені анық. Осы орайда, Елбасы тапсырмасымен 2018 жылы «Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» құрылып, атал­ған мекемеге болашақта қалашық аумағына Ұлы дала мәдениетінің жиын­тығы істеттес аспанасты музейін ашу жайлы міндет жүктелген болатын.

Қазіргі таңда бұл істің атқарылу барысы және белгіленген жоспарымен танысу мақсатында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөрібаеваға жолыққанымызда:

 – Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды істің бірі – 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер мен ны­сандарды қалпына келтіруге бағыт­талған «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасы. Осы бағдарлама негізін­де 2004 жылы Бозоқ қалашығында шетел­дік сарапшылардың қатысуымен халық­аралық ғылыми форум өтті. Форум­ның қорытындысы бойынша қарар қабылданды және қалашықтың ғы­лыми және мәдени маңызы туралы сарап­тамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне енді. Сөйтіп 2006 жылы «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негі­зінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақтырақ айтқанда аспанасты музейін құру жоспарланған болатын, – дейді Сәуле Бөкейханқызы.

– Мұндағы аспанасты музейін құру­дағы басты мақсат не?

– Басты мақсат – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сипатталғандай, ата-бабаларымыздың жетістіктерін бейнелейтін музей-қорық­тың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсау-лық функциялары маңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музей құру. Яғни көне қалашыққа жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астындағы ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміздегі ежелгі және ортағасырлық стационарлық ескерткіштерді қалпына келтіру, нақтырақ айтқанда, ежелгі дәуір кезеңдерін бей­нелейтін аспанас­ты музейін құру. Мұндай музейлер әлем­дік тәжірибеде бар. Қазіргі таңда елі­мізде 240-тан астам музей болса, олар­дың 12-сі қорық-музей есебінде. Бұл барлық музейдің 5 пайызын құрай­ды. Республика бойынша қазірге дейін бір­де-бір республикалық мәртебесі бар ар­хео­­логиялық және этнографиялық бейін­д­і музей жоқ. Осы сұранысты қана­ғат­тандыруға Бозоқ ескерткіш кешені сұранып тұр.

– Болашақта құрылуы тиіс аспанас­ты музейінің стационарлық құрамы, яғни бөлшек нысандары жайлы айтып берсеңіз?

– Біздің қолдағы жоспар бойын­ша, аспанасты музей аумағында Архео­логия­лық парк, музей ғимараты, отба­сы­лық демалыс орталықтары, бала­ларға арналған жасөспірімдер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, сая­бақ аймақтары, шығыс базарлары, қолөнер шеберханалары, тақырыптық дәмха­налар, шайхана, алма бақтары болады.

Соның ішінде Археологиялық саябақ – Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихында отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне негізделген нәтижелер бойынша жасалмақ. Сонымен қатар бұл жерде энеолит кезеңіне тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұрғызылады. Бұл – тас дәуірден металл өңдеуге дейінгі технологиялық серпіліс кезеңі мен жылқы өсіру мәдениеті дәуірін әйгілемек. Айналып келгенде, нысан­дардың барлығы аса үлкен 412 га аумақты алып жатқан Археологиялық саябақты құрайды.

Болашақта салынуы тиіс Археология­лық саябақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асыру­дың платформасына айналуы тиіс. Одан кейін сақ кезеңіне тән еліміз­дегі архео­логиялық ескерткіштер: Қызыл­орда облысы жеріндегі Бәбіш мола нысаны қалпына келтіріледі. Одан соң қала инфрақұрылымының металлургиялық көрсеткіштері, Атасу-1, Мыржық, Семио­зерное, Талдысай-1 тағы басқа шеберханалар эксперименттік археология әдісі бойынша қайта жаңғыртылмақ.

Ғұндар қонысының еуразиялық үлгісі ретінде: қорғаныс, стационарлық және жылжымалы үйлер, ғибадат­хана­лар тағы басқа нысандар салынса, ежелгі түркі мәдениетінің жазбаша және архео­логиялық дереккөздерін қалпына келтіру жоспарлануда. Соның ішінде қаған сарай кешені, тұрғын үйлер, қолөнершілер кварталы, монша, петроглифтер тізбегін орналастыру көзделіп отыр. Қазақ хан­дығы дәуірін­дегі ор­талықтар – Сауран, Сығанақ, Сарай­шық және Түркістан қалаларын зерттеу барысында ашылған нысандар қатарынан Сапар орталығы осында салынады.

Бұйыртса, алдағы жылдары ин­нова­циялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.