Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Сәкен Майғазиев "ақша жегенін" айтқандарды тозақпен қорқытып әлек

Осыдан кейін Сәкен Майғазиевті мемлекеттік қызметке басшы емес, мешітке имам қылып жіберу керек екен дегендей қыжыртпалар да айтылып қалып жатыр.

Сәкен Майғазиев "ақша жегенін" айтқандарды тозақпен қорқытып әлек
фото: ашық дереккөз

Шымкент қалалық Мәдениет үйінің басшысы, әнші Сәкен Майғазиев өзіне шүйліккендерді тозақ отымен қорқытқан, деп хабарлады paryz.kz, Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Facebook желісінің белсенді қолданушысы Әмина Смағұлова өзінің парақшасында жазған.

"Мына Тазабектің жандайшабы зайырлы мемлекеттің қызметкері ме? Әлде күмәнді діннің уағызшысы ма? "ҚР Мемлекеттік сатып алу жөніндегі Заңын" өрескел бұзып, енді есеп берудің орнына уағыз айтып, елді қорқытып отыр!" - дейді жазба авторы.

Әнші бастықтың бұл жазбасына желі қолданушылары да таңданыс білдірген. Мысалы, Қали Күлімжан есімді азамат: "Дәстүрлі дінге ешкім де қарсы емес! Алламыз аузымызда. Отбасымызда шариғат ұстанымдарын қолданамыз. Бірақ қараңғы түнекке насихатқа қарсымыз! Дінге қарсы деп жазғыруды қою керек. Қит етсе қарғанып-сіленіп шыға келуге сын айту дінге қарсылық па?! Кәпірлік пе?! Құранда жазып қойып па, "қарғану - Алланың ісі" деп?!" - деген пікір қалдырған.

Осыдан кейін Сәкен Майғазиевті мемлекеттік қызметке басшы емес, мешітке имам қылып жіберу керек екен дегендей қыжыртпалар да айтылып қалып жатыр. Қоғам белсендісі Абзал Достияров болса, Құдайды ара ағайындыққа салып, тозақпен қорқытудың дұрыс еместігін ескерткен.

"Құдайды ара ағайындыққа пайдаланбаңдар! Біздегі ақыны бар, әншісі бар, шенеунігі бар, сәл қылт етсе, араға Алланы салып ақталатыны бар. Қорқақтығын да, жемқорлығын да солай жуып-шайып тастағысы келетіндер көп-ақ. Карантин кезінде тойға барып, масқара болған Қайрат Нұртас та, жарты миллиард теңгенің есебін бере алмай қиналған Сәкен Майғазиев те солай жандалабасалап жатыр. Жігіттер, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек! Алламен арадағы қарым-қатынас - әр адамның жеке ісі. Тозақпен қорқытпаңдар!" - деді ол.

Еске сала кетсек, Сәкен Майғазиев Instagram-дағы парақшасында "Бір адам бір мұсылман жайында ол жасамағанды жасады деп жала жапса, жалаға ұшыраған адам оны кешіргенге дейін АЛЛАһ тағала оны тозаққа тастайды" деп хадистен мысал келтіріп, реніш білдірген болатын.