Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Анандидің суретін жастығымның астына қойып жаттым...": Рамазан Амантай үйленетін болды

"Қанша танымал актриса болса да, өзі қызметін аямады. Сол кезде түсінгенім, үндінің қыздары болсын, ұлдары болсын, мәдениетті екен өзіміз сияқты", - дейді ол.

"Анандидің суретін жастығымның астына қойып жаттым...": Рамазан Амантай үйленетін болды
фото: дереккөз

Жас актер Рамазан Амантай жақында Нұрлан Қоянбаевтың "I go to school" жобасында басты рөлді сомдады. Ол әлемге әйгілі үнді телехикаясының актрисасы Авика Гормен бір түсірілім алаңына қалай тап болды? Caravan.kz порталының тілшісі актермен сұхбаттасты, деп жазды paryz.kz.

- Рамазан "I go to school" жобасын түсіру Нұрлан мырзаның идеясы болды ма?

- Иә, "I go to school" жобасын түсіру ол Нұрлан Қоянбаев ағамыздың идеясы. Бұл кино Қазақстандағы ең алғашқы "Спин-офф" (Спин-офф деген - белгілі бір туындының сәтті шыққан кейіпкеріне жеке кино арнау). Бұл - "Қазақша бизнес" жобасындағы Еркош кейіпкерінің өзінің жеке киносы. Бүкіл қазақ еліне, қазақ киносына алғашқы спин-офф құтты болсын деп тілек айтамын. Бұл туындының сценарий авторлары - Нұрлан Қоянбаев, Сәбит Рахымбаев. Режисер - Анвар Матжанов. Басты рөлде - мен Рамазан Амантай.

- Әлемге әйгілі "Анандимен" бірге киноға түсу бақыты қалай бұйырды?

- Қазақ еліне Ананди есімімен танылған актриса Авика Гор. Өте тамаша актриса, өнерінен бөлек, адамгершілігі өте жоғары тұлға. Ол кісі бір жылдары "Түнгі студияға" қонақ болып келген болатын. Содан бері Нұрлан ағамызбен жақсы қарым-қатынаста, жақсы достар. Осы жылы жаңа жобамыздың түсірілім алаңына келіп, қазақ киносына өзінің үлесін қосты. Бұрын 2010-2011 жылдары мен "Айналайын" ситкомына түскен кездерде ұлттық арнада сағат 20:00 болғанда "Айналайын", содан соң "Келін" телехикаясы болатыны әлі есімде. Сол кезде бәріміз сүйіп қарайтын телехикая еді ғой. Қатты армандап, суретін жастығымның астына қойып жаттым деп айта алмаймын, десе де осы өмірде қандай екен, актрисалық шеберлігі сондай жақсы ма деген ойларым болатын еді. Бірнеше жылдар өтіп, бір түсірілім алаңында жұмыс істеу бұйырыпты. Бірге түсу бақыты бұйырыпты деп айтуға келмес, оған менімен түсу бақыты бұйырған шығар (күліп).

- Түсірілім Түркия елінде болып өтті. Одан бөлек, тағы басқа жерлерде түсірілді ме?

- Түсірілім бас-аяғы 20 күнге созылды. Бұл Түркия мемлекетіндегі, Анталия қаласының жанында орналасқан Алания қалашығында түсірілді. Теңіздің жағасында, таудың етегінде орналасқан әдемі мекен. Әдемі көріністі осы жобамыздан тамашалай аласыздар. Біздің режисер Анвар Матжанов, оператор Қанатжан Мырзағалиев - өзі көздері қырағы талантты кісілер. Олар таспалаған тамаша көріністі, әдемі кадрларды көргенде, өзіміз керемет әсер алдық. Нұрлан ағамыздың әрбір туындысын көргенде сол елдерге саяхаттағандай күй кешеміз ғой. Осы жолы, бұйыртса, Аланияға саяхат жасаймыз.

- Жалпы, фильм жайлы бір шолып өтсең, әрине, сен басты кейіпкерсің. Дегенмен тағы да өзгешеліктер бар ма?

- Бұл - менің ең алғашқы толыққанда басты рөлім. Дебютім десем болады. Оған дейін де түскен киноларым басты рөлдердің бірі болса, бұл жолы ең басты рөл. Өзімнің үйренген түсірілім тобым, үйренген рөлім болғандықтан, аса бір қиындық тудырған жоқ. Дегенмен басты рөл болған соң үлкен жауапкершілік мойнымда тұрды. Сондықтан барынша тырыстым. Бұл жолы Еркош деген кейіпкердің басқа қырларынан көреміз. Еркоштың көбірек ашылуына мүмкіндік берген жоба болды. Алла қаласа, Авика Гор және тағы басқа да өнер майталмандары, сонымен қатар, Нұрлан ағамыздың өзі рөл сомдаған соң, басқа киноларға қарағанда ерекше болғалы жатыр деп ойлаймын.

- "Бизнес по казахский" фильміне түсерде арықта деп талап қойған болатын... Талап орындалды ма?

- Арықтай бастаған болатынмын. Бір жағынан халыққа қызық болсын деген оймен жасаған болатынбыз. Одан кейін Нұрлан ағамыздан хат келді, сен киноға түсетін болдың деп. Одан кейін ақыры түсем ғой киноға деп, арықтамай қоя салдым.

- Жалпы үнді қыздарының тәрбиесі қалай екен? Қазаққа келін болуға жарай ма? Олардың бойында қандай ерекшелік бар екен?

- Үнді қыздарының тәрбиесі өте жақсы. Біз Авикамен оның жігіті тұрақтаған қонақ үйге бардық. Сол кезде байқағаным, кәдімгі біздің қазақтар сияқты алып-ұшып, асты-үстімізге түсіп жүрді. Қанша танымал актриса болса да, өзі қызметін аямады. Сол кезде түсінгенім, үндінің қыздары болсын, ұлдары болсын, мәдениетті екен өзіміз сияқты. Жалпы өздерінің салт-дәстүрлерін айтып берді. Іс-қимылдары, жүріс-тұрысы, жалпы барлық жағынан біздің қазақ қыздарына ұқсайтынын байқадым.

- Өзіңіз қашан үйленесіз?

- Өзім, бұйыртса, алты күннен соң үйленемін. Үлкен той өзімнің үйімде, бұйыртса.

- Қалыңдық кім, құпия болмаса?

- Ол әзірге құпия болып қала тұрсын, жақында білетін боласыздар!