Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Жүнісова Анатолий Цойдың президенттен атақ сұрағанына реніш білдірді

"Осы жақында ғана "Құрмет" орденін алдым. Сөйтсем, оны менен 20 жас кішілердің барлығы алып алған екен. Мен оны өзім алған кезде бір-ақ білдім..." - дейді Халық әртісі.

Жүнісова Анатолий Цойдың президенттен атақ сұрағанына реніш білдірді
фото: коллаж

Қазақ эстрадасының дүлділі Мақпал Жүнісова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алу үшін президентке хат жазған Анатолий Цойге қатысты не ойлайтынын ашық айтты. Өнер иесі атақ сұрап, биліктің есігін қағу әншінің қадір-қасиетін арттырмайтынын алға тартты, деп жазды NUR.KZ.

Мақпал Жүнісова бірнеше жыл бойы ресейлік шоу-бизнесте еңбек еткен Анатолий Цойдың әрекетіне қатысты пікір білдірді. Эстрада жұлдызы әншілік мансабын бастағалы ешкімге "атақ бер" деп хат жазып көрмегенін, сол себепті, жас өнерпаздың бұл қылығын аса құптамайтынын жеткізді.

"Paparazzi" бағдарламасына сұхбат берген Мақпал Жүнісова Цойге деген өкпе-назын айтып өткен.

"Жазғысы келсе жазсын. Жалпы мен атақтың артынан қумау керек, атақ сені қуып жүру керек деп ойлаймын. Бізде де талай атақ, даңқымыз бар ғой. Бірақ, менің концерттерімде конферансье деген жоқ. Менің Халық әртісі және тағы да басқа наградаларымды ешкім айтпайды. Халықтың алдына өзім атып шығамын. Болды. Халық ду қарсы алады. Әр әншіде сондай махаббат болу керек. Сахнада жүргеніме жақында 40 жыл болады. Атақ бер деп хат жазып көрмеппіз. Осы жақында ғана "Құрмет" орденін алдым. Сөйтсем, оны менен 20 жас кішілердің барлығы алып алған екен. Мен оны өзім алған кезде бір-ақ білдім. "Сізге енді беріп жатыр ма?" дегенде біртүрлі болып қалдым. Ол адамдар да хабарламаған. Өздерінің орденін алғандарын айтпай жүре берген. Ал Анатолий жайлы айтатын болсам, беріп жатса алсын. Бермесе, "маған неге атақ бермейсіңдер?" деп есік қағу - өте ыңғайсыз нәрсе. Ол бәрібір сенің қадір-қасиетіңді арттырмайды. Анатолийге айтатын назым бар. Осы қазақ мемлекетіне еңбегі сіңіп, қазақтың әндерін көбірек айтып, халықтың батасын алса, атақ өзімен-өзі келеді. Халық сені құрметтесе, сол атақтан да жоғары деп ойлаймын", - деді әнші.

Еске сала кетсек, бұған дейін Анатолий Цой ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған болатын. Өнер иесі өтініші қабылданып, жақында оны кездесу күтіп тұрғанын айтқан еді.