Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Жазушы Әнес Сарай қайтыс болды

Өмір бар жерде өлім бар десек те, бұл – бір әулеттің ғана емес, әдебиет сүйер қауымы бар бүкіл қоғам үшін орны толмас ауыр қайғы болып отыр.

Жазушы Әнес Сарай қайтыс болды
Фото: ашық дереккөз

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай қайтыс болды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева facebook парақшасында жазды, деп хабарлады paryz.kz

"Бүгін халқымызға танымал дарынды жазушы, зиялы азамат, белгілі қоғам қайраткері Әнес Сарай ағамыз өмірден озды. Өкінішке қарай, уақыт алға жылжыған сайын алдыңғы буын аға-апаларымыз мәңгілік сапарға аттанып жатыр. Өмір бар жерде өлім бар десек те, бұл – бір әулеттің ғана емес, әдебиет сүйер қауымы бар бүкіл қоғам үшін орны толмас ауыр қайғы болып отыр. Руханият саласына қатысты талай істе ағамыздың алдын көріп, ағалық ақылын тыңдап, жақын сыйластықта араласқан едік. Ағамыздың жарқын бейнесі мен әдебиет әлеміндегі шығармалары қалың оқырман қауымның рухани олжасына айналып, халық жадында мәңгі сақталады. Ағамыздың қазасына байланысты, Алтыншаш Жағанова апамызға және барлық ағайын-туыс, жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", - делінген жазбада. 

Сарай Әнес Төлендіұлы – жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1937 жылы Ресейде, Астрахан облысы, Володарский ауданы, Кірмалай ауылында туған. ҚазҰУ-ды бітірген. "Егемен Қазақстан", "Жас Алаш" газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, "Жазушы" баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол Батыс Алашорда тарихын қамтитын "Еділ-Жайық" романының және Алаш козғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.