Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Айтбаевтар шаңырағында шырқалған "ауылдың алтыауызына" да әлем тамсанды (ВИДЕО)

"Сол күні қонақтан келіп, Facebook-ке салдым. Екі күнде 110 елге тарап кетіпті. Сонша елде Димаштың фан-клубтары бар екен", - дейді Айшуақ Дәрменұлы.

Айтбаевтар шаңырағында шырқалған "ауылдың алтыауызына" да әлем тамсанды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Қазақтың әлемдік деңгейдегі әншісі Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат-Света Айтбаевтардың шаңырағында 2018 жылы болған шағын отырыс бүгінде әлемге әйгіленіп шыға келген. Сонда айтылған ауыл туралы әнді Еуропаның өнерсүйер мамандары кәдімгідей зерттеп тастаған, деп жазды paryz.kz.

Басқосудың өткеніне екі жылдан асып кетсе де, сол дастарқан басында шырқалған ән қазір әлеуметтік желілер арқылы әлі тарап жатыр екен. Видеоны Света Айтбаева түсірген. Ал біз ол туралы ақтөбелік тарихшы Айшуақ Дәрменұлынан сұрап білдік.

"Сол күні қонақтан келіп, Facebook-ке салдым. Екі күнде 110 елге тарап кетіпті. Сонша елде Димаштың фан-клубтары бар екен. Ресми тіркелген 15 млн шамасында мүшелері бар. Уставы, ережесі, міндеттері бекітілген кәдімгідей үлкен ұйым. Олардың өзара байланысы өте мықты. Димашқа, отбасына, Қазақстанға байланысты барлық жаңалықты бір-бірімен бөлісіп, талқылайды екен.

Мына өлеңді ондаған тілге аударып алды. "Бұл не отырыс? Неге өлең айтып отыр?" деп, қазақтың соғымбасы, ауылдың алтыауызы, қонақкәде туралы зерттеген. "Жақсы дәстүр екен" деп мақтады. "Қазақ ұлты түгел өнерлі екен" деп таң қалды. Сөйтіп, Димаштың ата-анасы себебімен француз, ағылшын, неміс, испандарға ұлттық құндылықты насихаттап тастадық", - дейді Айшуақ Дәрменұлы.

Ал бұл туралы журналист Бақытнұр Әлібай Instagram-дағы парақшасына "Рухани жаңғыру" деген осы немесе @kudaibergenov.dimash эффектісі деген тақырыпта шағын жазба жариялады.

"Миллиардап ақша бөлініп жатқан бағдарламадан мынадай шағын отырыс естелігінің ұлттық құндылығымызды дәріптеуге әсері көбірек болатын сияқты", - дейді ол.