Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Өлтіріп қоймай тұрғанда кет": Индира Расылхан күйеуі аяғы ауыр кезінде қуып жібергенін айтты (ВИДЕО)

Индираның айтуынша, қазіргі таңда егіз қыздары әкесімен араласпайды екен.

"Өлтіріп қоймай тұрғанда кет": Индира Расылхан күйеуі аяғы ауыр кезінде қуып жібергенін айтты (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Танымал әнші Индира Расылхан Hit TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасына сұқбат беріп, басынан өткен қиындықтарын баяндады. Ол өзінен 12 жас үлкен бірінші күйеуінен көрген қорлығын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әнші бұған дейінгі сұқбаттарында да, желідегі парақшасында да өзінің бірінші некесі туралы ашық айтып жүрген әнші. 18 жасында өнердегі танымал кісімен көңіл жарастырған өнер иесі аяғы ауыр кезінде қалай жалғыз қалғанын еске алды. Айтуынша, жолдасы оның аяғы ауыр екендігіне қарамастан, үйінен қуып жіберген. Алайда Индира бірінші күйеуінің кім екенін елге жария ете алмайтынын жеткізді. Себебі, ол халық алдында жүрген белгілі кісі, дейді әнші.

Менің айтпауымның себебі, мен өзім ер адамдарды сыйлап қалғанын адаммын. Қанша дегенмен халықтың алдында жүр. Менің ашуым да, ызам да, жек көруімнің барлығы да айтып тастауға тұрарлықтай адам, - дейді ол.

Десе де, қандай адам болса да, ол ер адамның басын ел алдында түсіргісі келмейтінін ашып айтты.

Аты-жөнін айтпаймын. Ер басын төмендеткім келмейді. Халықтың алдына шыққан кезде қолымен түртіп айтпасыншы деп ер басын құрметтедім, "сенікі дұрыс емес" демесін, ауыр сөз естіп қалмасыншы мен үшін деп ойлаймын, - дейді әнші.

Индираның айтуынша, қазіргі таңда егіз қыздары әкесімен араласпайды екен.

Бір айлығында көрді. Келмеген, көрмеген, көрем демеген де. Аяғым ауыр кезде өзі қуып жіберді ғой. Аяғы ауыр әйелді үйден жетектеп шығарып жіберу деген қандай қатігездік. Ол кез өтті ғой. Сол кезде бұл бір бітпейтін шырмауық сияқты боп көрінетін. Ол адамды неше жыл кінәладым. Жан тәніммен жек көрген, жақсы көріп сағынған кезім болды. Қанша дегенмен күйеуім ғой. Күйеуім деген аты болды. Бірақ қазір менің оған жаным ашиды. Сол үшін алдына барған кездерім де болды. "Сен ақыретте қиналып қалмашы, қыздарыңның бар екенін білші", деп. "Тек қана маңдайларынан сипасаң болды" дедім. "Мен үйге әкетіп, бағайын ба? Баға алмай жатырсың ба не?" деп айтқан кездері де болған. "Жоқ мен баға алмай жатқан жоқпын. Мен сен қнилап қалмасын деп жаным ашып отырмын" дедім, - деді ол.

Сонымен бірге, Индира Расылхан өзін 18 жасында екінші әйелі етіп алған адамға деген ашу-ызасы барын да жасырмады.

Бұрын менен 12 жас үлкен болғандықтан, ол бүкіл нәрсенің барлығын дұрыс жасайды деп ойлайтынмын. "Маған дұрыс бағыт беретін осы" деген ой санамда қалып қойған. Кейін онымен кездескеннен кейін, "осыншама ақымақ болар ма едің" деп ойладым. Расында да ақыл жасқа байланысты емес екен. Мен жас болғандықтан сөйтіп ойлағам. Ол менен ақылды, ол шешімнің барлығын біледі. Ақыл айтып, әңгімесіне бірнәрсе қосуға да ыңғайсызданатынмын. Жылап отырып оған бүкіл реніштерімді айттым. Ұрып жібергім келетінімді айттым. Бір кездері ойлайтынмын, соншалықты булығып, ашуланғанда "өлтіріп қоятын шығармын" дейтінмін. Себебі, мен 18 жастағы өрімдей қызбын. Менің бүкіл жастың шағыма балта шапты. "Сен маған бала таппай-ақ қойшы, сенен туған бала маған керек емес", дейтін. Талай аяғына жығылған кездерім де болды. "Кетпеші мені тастамашы" деп. Талай жылаған кездерім де болды. Ер адамды баламен ұстау мүмкін емес екеніне көзім жетті. Ер адамға әйел жақсы болса, бала да жақсы болады екен. Сол үшін мен оған керек емес болдым. Не өзгерткенін білмеймін. Ұрған кезде "мен сені өлтіріп қоймай түрған кезде, ішіңдегі балаларға зиян тимей тұрған кезде кетші, сен маған құбыжық болып көрінесің" дейтін, - дейді ол.

Өнер иесі бірінші күйеуіне екінші әйел болғанын да жасырмады.

Барлығының ойынша, екеуіміздің бірге болғанымыз дұрыс емес болды. Себебі оның отбасы болды. Ажырасам деп айтқан жоқ. Әйелдің келісімі болмаса да, әйелімен қарым-қатынасы жақсы еместігін білдім, естідім, бала-шағасы болды. Сенімен бірге тұрам деді. Кейін екі жақта тұрам деді. Оған да көндім. Себебі, мен біреудің отбасын бұздым деп өзімді кінәлі сезінетінмін. Бірақ таңдау ол кісінікі болғандықтан, өзімді еркін сезінуге мүмкіндік бере алмадым, - деп ағынан жарылды әнші.

Қазіргі таңда Индира Расылханның егіз қызы 22 жаста, ал әншінің өзі екінші мәрте тұрмысқа шыққан. Екінші некесінен әнші тағы екі сәби сүйіп отыр.