Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: Антикор 1,2 млрд теңгенің ұрланғанын айтты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы аталған агенттіктен мәлім етті, деп жазады Рaryz.kz Ulysmedia.kz сілтеме жасап.

Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: Антикор 1,2 млрд теңгенің ұрланғанын айтты
ашық дерек көздерінен

Бүгінде Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілерге 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D моделін құру» жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.

«Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төлеген. Бұл ретте жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстардың нақты құны 83,4 млн теңгені құрағанын анықтады. Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілді. Тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Бұған дейін Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге соммасында бюджет қаржысын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғаны белгілі болды.