Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Павлодар облысында жем-шөп қымбаттауы мүмкін

Биологтар егер алдағы жылдары осындай жағдай қайталанса, Ертіс қойнауы экологиялық апатқа ұшырайды дейді. Ылғалдың аздығы өзен қойнауындағы тіршіліктің жойылуына әкеп соғады. 
 

Павлодар облысында жем-шөп қымбаттауы мүмкін
фото: ашық дереккөз

Өйткені биыл су аз. Су аз болған соң шөп те шықпайды. Ал тіршілік нәрі Ертіс жоғарғы қоймаларынан кеш берілген. Мұның үстіне жіберілген су көлемі жылдағыдан үш есе аз деп хабарлайды Paryz.kz, 24.kz-ке сілтеме жасап.

Май ауданындағы көлтабандар биыл суға қанбады. Демек, суарылатын алқаптарда шөптің шығымы төмен болады. Шаруалар осылай деді.

Олар жыл сайын шабындық жерлерден гектарына 20 центнердей пішен шабатын.

"Биыл қуаңшылық болып тұр. Қырға бір тамшы тамбады. Жаңбыр жоқ деуге де болады. Ертіс бойындағы шабындықтардың 80 процентіне ғана су жайылған. Менің ойымша, биыл шөптен тапшылық болады. Қымбаттап жатса таңқалмаймыз", - дейді шаруышылық басшысы Тастанбек Темірбеков.

Өзеннің кешеуілдеп тасуынан тек фермерлер зиян шекпейді. Ылғал тапшылығы судың бойындағы тіршілікке зиян. Әдетте мамыр айының басында су жайылып, ортасында тартылып кететін. Биыл бұл үрдіс маусымға дейін созылды. Биологтар дәл осы тектес жағдай 2001 жылы болғанын айтады. Салдарынан оннан астам өсімдік түрі мүлде жойылып кеткен.

"Енді мына Ертістің жайылымы жеке бір оазисті құрап отыратын. Мынау көктемнің ең басты шығатын өсімдіктері сол кездері оларға ылғал да керек, су да керек оларға. Яғни осы өсімдіктер өзінің қасиеттерін толығымен көрсете алмайды. Ол дегеніміз шөп нашар болуы мүмкін. Жалпы ауыл шаруашылығына әсерін тигізеді", - дейді биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметов.

Ертіс өңіріне көп су бір аптаға кешігіп келді. Мамандар мұны көктемнің кеш шығуымен байланыстырады. Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар баяу еріген. Ол табиғатты қорғау мақсатына бөлінетін судың көлемін азайтты.

"Жалпы ағымдағы жылы кестеге сәйкес жіберілген судың көлемі 5,77 шақырым текшені құрайды. Бұл су жіберу арқасында жайылманың 270 мың гектары суландырылды немесе 79 проценті суландырылды", - дейді облыстық Қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Мақпал Лепесова.

Бұл өткен жылдармен салыстырғанда едәуір аз көрсеткіш. Мәселені ертерек назарға алған Май ауданы қолданылмай бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізді.

"Жыл басынан бері біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жалпы көлемі 87,5 мың гектарды ұсынған жер комиссиясының үш отырысын өткіздік. Осының арқасында 50 мың гектар көлемінде орнатылған жылдық индикаторды артығымен орындадық", - дейді Май ауданы әкімінің орынбасары Медет Шоқанов.  

Биологтар егер алдағы жылдары осындай жағдай қайталанса, Ертіс қойнауы экологиялық апатқа ұшырайды дейді. Ылғалдың аздығы өзен қойнауындағы тіршіліктің жойылуына әкеп соғады.