Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, ақтау - халқымыздың алдында тұрған үлкен міндет" - Ералы Тоғжанов

Жергілікті жерлердегі мұрағаттарда жұмысты ұйымдастыру үшін өңірлік комиссиялар құрылды. 

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, ақтау - халқымыздың алдында тұрған үлкен міндет" - Ералы Тоғжанов
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік орган өкілдері енді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті. Мемлекеттік комиссия алдына нақты міндеттер қойылды.

«Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша сұрақтар. Екінші, жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар, жабық мұрағаттарда саяси қуғын-сүргін материалдарының зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу», - деді спикер.


Мемлекеттік комиссияның кеше өткен екінші отырысында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер, оның ішінде аймақтардағы комиссияның жұмыстары талқыланды. 

«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде жазықсыз сотталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, оларды ақтау бүгінгі еліміздің, халқымыздың, қоғам алдында тұрған үлкен міндет. Мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі: «бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Қаржы мәселесі толықтай шешілді. Бүкіл коммиссияның жұмысы, зерттеушілердің барлығы осы ғылыми бағдарлама негізінде жұмыс істейтін болады. Бағдарлама келесі аптада Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңестің отырысында қаралады», - деді Е.Тоғжанов.


Бұдан басқа, мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша 11 жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдар мен Комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жобалық офис ашылды. Жергілікті жерлердегі мұрағаттарда жұмысты ұйымдастыру үшін өңірлік комиссиялар құрылды. 

Жалпы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстарының қорытындылары мұрағаттардағы құжаттарды жан-жақты талдау нәтижесі бойынша, ғылыми зерттеулердің негізінде жасалатын болады.